Қазақстанда биофармацевтикалық өнім шығаратын зауыт салынады

Фото: Inform.kz

$200 млн инвестицияға ие халықаралық компания толық циклді инновациялық биофармацевтикалық хаб салмақ. Жобаны жаңа перспективалы Алатау қаласында жүзеге асыру жоспарлануда, оған жер телімі бөлінген. Бұл туралы KGIR-2025 конференциясы аясында R-Pharma директоры Николай Земсков мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының дәрі-дәрмек өндірісін локализациялауды 50% үлеске жеткізу және дәрілік әрі биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес біз бірлескен кәсіпорын құрдық. Қазір Қазақстан Республикасының Үкіметімен инвестициялық келісім жасалуын күтудеміз. Жоба инвестициялық штабтың мақұлдауынан өтті. Бізге Президенттің өз Жолдауында айтқан болашақтың ең перспективалы қаласы – Алатаудан жер телімі берілді»,— деді KGIR-2025 алаңында «Р-Фарма» компаниясының директоры Николай Земсков.

Бірнеше жүздеген жұмыс орындарын құратын және жергілікті мәртебесі бар өнімдерді тек ішкі нарыққа ғана емес, сонымен қатар экспортқа да шығаратын инновациялық хабты үш жыл ішінде жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ компания дәрі-дәрмек құнын әр үш жыл сайын шамамен 20%-ға төмендетуге міндеттеме алды, бұл экспорттан түсетін табыс арқылы өтеледі.

 

«Біздің акционерлер үшін Қазақстанда толық циклді биофармацевтикалық кешенге инвестиция салу және оның құрылысын тұрғызу туралы шешім қабылдауға түрткі болған маңызды қадамдардың бірі –  инвестициялық ахуал деңгейі, сондай-ақ мемлекет тарапынан дәйекті қолдау мен берілген артықшылықтар. Қазақстан аймақтағы негізгі хаб ретіндегі өз орынын толық көлемде ақтайды. Біз 2009 жылдан бастап отандық фармацевтикалық өнім өндірушіні қолдау элементтері үнемі жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз»,—  деп атап өтті инвестор.

 

Жоба серіктесі – Khan Tengri Biopharma компаниясы.

«Зауытты іске қосу өндірілетін өнім бағасының тұрақты болуын қамтамасыз етеді. Бірлескен серіктестік аясында кәсіпорындар ел үшін өмірлік маңызды және стратегиялық препараттарды шығарады – бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі»,— деп атап өтті компания басшысы Асқар Каримуллин.