Көксарай су реттегішінен 60 мың текше метр құм мен қиыршық тас шығарылды

«Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Көксарай су реттегішінде ауқымды механикалық тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов нысанда болып, жұмыс барысымен танысты. Бүгінгі таңда нысанның жоғарғы және төменгі бөліктерінен 60 мың текше метр құм мен қиыршық тас шығарылды.

Бұл жұмыстар Көксарай су реттегішінің өткізу мүмкіндігін жақсартып, Қызылорда облысына суды тиімді жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатыр. Тазалауға 28 арнайы техника тартылған. Оның жартысы Қызылорда филиалынан жеткізілген. Жұмыстар желтоқсан айының ортасына, су жібергенге дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Көксарай су реттегішінің жоғарғы бөлігінде ұзындығы 2,5 шақырым болатын аумақта геомембрана төсеу арқылы сүзілуді азайту жұмыстары да жүргізілуде. Бұл су шығынын азайтып, су реттегіште қосымша 200 млн текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстарға 10 арнайы техника жұмылдырылған.

Ведомство басшысы «Қазсушардың» Түркістан филиалына сүзілуді азайту шараларын Көксарай су реттегішінің басқа учаскелерінде де жалғастыруды тапсырды.

«Қосымша жұмыстарды орындауға уақыт жеткілікті. Қазір ауа райы қолайлы, сондықтан қосымша бір-екі учаскеде геомембрана төсеуге болады. Министрлік филиалға қажетті техниканы бөлді, барлық материал жеткілікті. Көксарай су реттегішінің кешенді реконструкциясы басталғанға дейін оның жұмыс тиімділігін барынша арттыру қажет»,– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Көксарай су реттегішінің су жинау тиімділігін ұзақ мерзімге қамтамасыз ету мақсатында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы ұзындығы 36,4 шақырым болатын бөгет учаскесінде 60 700 геошпунт орнату жобасын әзірлеп жатыр. Жоба жүзеге асқан соң, су қоймасы 3 млрд текше метрге дейін су жинай алады. Сондай-ақ реконструкция су тасқынының алдын алып, Солтүстік Аралға жіберілетін судың көлемін арттырады.

Айта кетсек, Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңір тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, вегетация кезеңінің қорытындысын айтты. Ол климаттың өзгеруіне байланысты су ресурстарына деген сұраныс артып келе жатқанын атап өтіп, шаруаларды ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс көлемін қысқартуға және су үнемдеу технологияларына көшуге шақырды.

Осы мақсатта былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі фермерлердің инфрақұрылым тартуға, су үнемдеу жүйелерін сатып алу мен орнатуға жұмсайтын шығындарын өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін арттырды.