ITS биржасында рекордтық көлемде сауда жасалды

ITS Халықаралық сауда платформасы 2025 жылғы қазан айында өз тарихындағы ең жоғары сауда айналымын тіркеді – 1,82 млрд доллар. Бұл қыркүйектегі көрсеткішпен (1,07 млрд доллар) салыстырғанда 70% жоғары.

 

ITS платформасындағы орташа күндік сауда көлемі шамамен 80 млн долларға дейін өсті. Бұл қыркүйектегі 48,5 млн доллармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Қазан айында инвесторлар 363 мыңнан астам мәміле жасады, бұл қыркүйектегі көрсеткіштен 48% көп.

Сауда көлемінің өсуіне жаһандық нарықтардағы құбылмалылықтың артуы мен ITS алаңында сауда жасайтын трейдерлер мен инвесторлар санының көбеюі әсер етті. Қазан айында платформаға жаңа брокер – қазақстандық N1broker компаниясы қосылды.

Қазіргі таңда ITS платформасына Қазақстан, Армения, Кипр, Оңтүстік Африка Республикасы, Оман және Болгария елдерінен 17 брокер қосылған. Бұл алаңның халықаралық сипатын және АХҚО аясындағы белсенді дамуын көрсетеді.

Қазан айында ITS платформасындағы инвесторлар арасында ең танымал шетелдік бағалы қағаздарға Meta (META), Tesla (TSLA), Cipher Mining Inc. (CIFR), Freedom Holding Corp. (FRHC), CleanSpark, Inc. (CLSK), AMD (AMD) және Oracle Corporation (ORCL) енді.

«Қазан айындағы рекордтық көрсеткіштер біздің Орталық Азия елдері үшін халықаралық өтімділік хабын құру стратегиямыздың тиімді екенін дәлелдейді. Біз ITS экожүйесін жүйелі түрде кеңейтіп, қатысушылар мен қолжетімді құралдар санын арттырып келеміз. Бұл АХҚО мен Қазақстанды жаһандық инвесторлар үшін одан да тартымды етеді», – деді ITS бас атқарушы директоры Шыңғыс Қанапиянов.

ITS платформасында 3 мыңнан астам инвестициялық құрал қолжетімді, оның ішінде 300-ден астам ETF бар. Бұл инвесторларға кез келген нарықтық сценарийге сай стратегияларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Платформа сондай-ақ инвесторларға ITS World және ITS Shariah индекстеріне арналған ETF, сонымен қатар single stock ETF жаңа құралын ұсынады. Ол Tesla және Netflix сияқты қымбат акциялардың үлесін сатып алуға мүмкіндік береді.