«Сирек кездесетін асыл қазына» — Вьетнам БАҚ-ы Димаш Құдайберген туралы

фото: Instagram/kudaibergenov.dimash

Вьетнамдағы бұқаралық ақпарат құралдары 6 желтоқсан күні Ханой қаласында өтетін ең ірі 8WONDER Winter 2025 фестивалінде өнер көрсететін Димаш Құдайберген туралы жазды,-деп хабарлайды DimashNews. 

Вьетнамның жетекші басылымдарының бірі — Saigon Giai Phong — фестивальді жариялай отырып, былай деп жазады:

«Димаш Құдайберген — Қазақстаннан шыққан әлемге танымал әнші. Ол алты октава мен бес жарты тонға дейін жететін ерекше кең дауыс диапазонымен ерекшеленеді. Димаш өз даусы арқылы терең, қуатты баритоннан бастап (орыс романсына тән лирикалық үнге ұқсас) физикалық мүмкіндіктерге бағынбайтындай әсер қалдыратын сирек кездесетін жоғары ноталарға дейін еркін ауысып, бүкіл әлем тыңдармандарын таң қалдырды.

Миллиондаған тыңдармандар Димашты тек оның ерекше вокалдық шеберлігі үшін ғана емес, сонымен қатар музыка арқылы әсерлі оқиға айтып, тіл мен мәдениет кедергілеріне қарамастан адамдардың жүрегіне жол таба білетін қасиеті үшін де бағалайды.»

Ірі күнделікті вьетнамдық басылым Tuoi Tre Димаш Құдайбергенді «сирек кездесетін асыл қазына» деп атап, бұл сипаттаманы былай түсіндіреді:

«Ол — “асыл”, өйткені шынайы талант иесі,
“сирек”, өйткені қоғамның уақытша талғамына ермейді».