Астанада бір күнде 108 жол апаты тіркелді

Астанада бір тәулікте 108 жол апаты тіркелді. Қалада ауа райы күрт өзгеріп, жаңбыр соңы қарға ұласты. Таңертең көше мен жолдар көктайғаққа айналды. Қарашаның басынан бастап елордада қыстың белгілері байқалады. Ал коммуналдық қызметтер алғашқы қарға қаншалықты дайын болды? Тақырыпты әріптесім Назерке Алтынбек жалғастырады.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Жаңбырдан кейін қар жаууы тек коммуналдық қызмет үшін емес, жүргізушілер үшін де сынақ болды. Қазір біз тұрған дөңгелек ауыстыру орталығында да қарбалас, жүргізушілер қысқы дөңгелекке жаппай ауысып жатыр. Олардың бірен саранымен сөйлесіп көрдік.

Орнынан әрең қозғалып, зырғанап әзер тоқтап, сосын қой дедім. Біреудің артына кіріп кетпей тұрғанда соған арнайы түскі уақытты арнап келіп тұрмын.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Кейбіреулер кешеден бері кезекте тұрып үлгермей бүгін қайта келдік дейді.

Түнде 2 сағат тұрып болмай кетті. Алдымда тағы 15 машина болды. Сосын бүгін таңертең келдім. Машина тайып жатыр, арты тайып жатыр газ басқан кезде. 

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Ал дөңгелек жөндеу орталығының қызметкерлері қыстың қамын жазда ойла дегенге толығымен келіседі. Жыл сайын жүргізушілер қар түскеннен кейін келіп, безек қағатынын айтады. 

Қыстың басында жаңбыр жауып бастаған кезде, машиналардың бәрі осылай кезекке тұрады. Біз үлгере алмай біраз машина қайтіп кетеді, ренжиді ғой. Ертерек жасатқан дұрыс қой.

Қаланың тазалық қызметі алғашқы қарға дайын болғанын мәлімдеді. Ауа райының өзгерісіне байланысты қала көшелеріне арнайы реагенттер себіле бастаған.

ЕРЖАН ПАШАНОВ, "АСТАНА ТАЗАЛЫҚ" ЖШС ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Өндірістік базамызда үш жарым мың тонна дайындалып қойылған. Кеше түнде септік, 34 тоннадай кетті. Бүкіл алты районды алып қараған кезде. Қазіргі таңда "Астана Тазалықта" 400-ге жуық техника бар. 90-нан астам сыпырғыш техникалар мен 10-нан астам құм, тұз реаген шашатын техникалар жұмысқа шықты.

Республикалық маңызы бар жолдарда да шектеулер енгізілген. Астана–Щучинск және Астана–Теміртау бағыттарында көлік жылдамдығы азайтылған. Бір тәулікте 5 мыңға жуық қоңырау қабылданған. Көбіне жүргізушілер тайғақ жолға байланысты көмек сұрап хабарласқан.

СӘКЕН ДІЛДАХМЕТ, ҚАЗАВТОЖОЛ ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Кешелі бері ауа-райы өзгеруіне байланысты қазіргі таңда жол қызметі бригадалар санын жолға көбірек шығардық. Себебеі, көктайғақ бар. Жолдың бетін қауіпсіз әрі таза ұстау үшін бүгінгі күні тәулік бойы жол қызметі қызмет атқаруда.

Ресми мәлімет бойынша, соңғы тәулікте Астанада 108 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Алдағы күндері де ел аумағында ауа райының нашарлауы күтіледі.