Вашингтон саммиті: АҚШ пен Орталық Азия жаңа парақ аша ма?

Бірер күнде АҚШ астанасында Орталық Азия елдерінің басшылары жиналмақ. Бұл - С5+1 форматындағы алғашқы жоғары деңгейлі саммит. Бір қарағанда, әдеттегі дипломатиялық кездесу сияқты. Бірақ сарапшылар бұл жиынды аймақ үшін жаңа экономикалық кезеңнің бастауы деп бағалап отыр. АҚШ пен Орталық Азия арасындағы диалог нені өзгертеді? Қазақстанға пайдасы бар ма? Тақырыпты әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.

Екі күннен кейін Вашингтонда АҚШ пен Орталық Азия елдерінің басшылары жоғары деңгейде бас қосады. C5+1 саммиті - аймақ пен Американың арасындағы дипломатиялық форматтың 10 жылдығына арналған. Бірақ бұл жолғы кездесудің салмағы бұрынғыдан өзгеше: саммит енді тек саясат алаңы емес, нақты инвестиция мен технологияның жаңа көпіріне айналмақ.

ТАЙЫР НЫҒМАНОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

АҚШ үшін бұл тек геосаяси емес, геоэкономикалық мүмкіндік. Вашингтон аймақты Қытай мен Ресей арасындағы тепе-теңдікті сақтай алатын, саяси тұрақты және ресурстарға бай серіктес ретінде көріп отыр. Саммиттің жаңалығы - дипломатиялық диалогтан нақты бизнес пен технологиялық әріптестікке көшу. Бұл - жаңа дәуірдің бастауы.

C5+1 саммитінде басты басымдықтар - көлік дәліздері, жасыл энергетика және цифрлық экономика. Орта дәліз арқылы Еуропа мен Азияны жалғау, сирек кездесетін минералдарды игеру және баламалы қуат көздеріне инвестиция тарту – басты тақырыптар. Сарапшылардың айтуынша, бұл бағыттар Қазақстан үшін инвестициялық тәуелсіздік пен жаңа нарықтарға жол ашатын алтын мүмкіндік.

ТЕМІРЛАН ӘБУҒАЛИ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Дәл осы орталық Азияның экономикалық әлеуеті мен орнықты дамуы Еуразиядағы қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды нығайтып, АҚШ-ты қоса алғанда барлық өңірлік қатысушыларға өзара тиімді нәтиже бере алады. Вашингтон үшін жаһандық жүйенің фрагментациясы жағдайында өңірмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту - халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосылған үлес болып табылады.

Вашингтон саммиті - Орталық Азия үшін жаңа геосаяси ойын емес, жаңа экономикалық дәуірдің бастауы болуы мүмкін. Бір саммиттің артында тұтас аймақтың болашағы тұр: тұрақтылық, серіктестік және өзара тең мүмкіндік. Сарапшылардың сөзінше, C5+1 форматы енді қағаз жүзіндегі диалог емес - іс жүзіндегі прагматикалық әріптестікке айналуы тиіс.