Республикалық маңызы бар “Талдықорған – Қалбатау – Өскемен” автожолының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір негізгі бөлігіне асфальт төселіп, соңғы абаттандыру жүргізілуде. Жаңа жол көлік қозғалысына ашық, бұл өз кезегінде транзиттік қатынасты күшейтіп, өңір экономикасына серпін беруде.
Абай облысы аумағындағы “Талдықорған – Қалбатау – Өскемен” автожолы 352 шақырымды қамтиды. Жол бөлігі Қытай мен Ресей бағытындағы транзиттің дамуына ықпал етпек. Құрылыс сегіз учаскеде қатар жүргізіліп, нәтижесінде 22 көпір мен шамамен 300 су өткізгіш құбыр салынды. Сондай-ақ демалыс аймақтары, жарықтандыру жүйесі және елдімекендерге кіреберіс жолдар ретке келтірілді.
СЕРІК ЖҰМАБЕКОВ, “ҚАЗАВТОЖОЛ” ҰК АҚ АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Жол белгілері барлығы жобаға сәйкес. Камералар біздің учаскелер бойынша, Абай облысы бойынша 9 жерге орнатылып жатыр.
«ҚазАвтоЖол» мамандарының айтуынша, барлық жол белгілері мен қауіпсіздік инфрақұрылымы талапқа сай. Облыс аумағында тоғыз бақылау камерасын орнату жұмысы жүріп жатыр.
ХАН ЛИСИ, ЖОБАНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Жолға қажет қоспалар Германиядан әкелінді. Климаттық жағдайға байланысты Абай облысы төңірегіне арнайы полимерлер қолданылды. Қазір жұмыстың 2 проценті ғана қалды. Жақында аяқтаймыз. Жұмыс тамамдалған соң 2 жылдық кепілдік мерзімі бар.
Жобаның жалпы құны -185,8 миллиард теңге. Қаржыландырудың 15 пайызы республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған бөлігі Қытай тарапынан қамтамасыз етілген. Жол бойындағы қауіпсіздік инфрақұрылымы толық жаңартылды: тосқауыл және қар тоқтатқыш қоршаулар, торлы жүйелер мен заманауи белгілер қойылған. Кейбір ауылдарға кіреберіс және ішкі жолдар қосымша жөнделді.
МЕЙІРҒАЛИ ҚАБАЙҰЛЫ, ҮШБИІК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Семей қаласына 6-7 сағат жүріп әзер баратын. Қазір екі жарым, үш сағатта кемінде жетіп үлгереді. Енді жол кеспейміз. Халық қарық болып қалды ғой.
Қазір тек екі учаскеде абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Жаңа трасса толық пайдалануға берілген соң, өңірдің көлік қатынасы жақсарып, транзиттік әлеуеті бұрынғыдан да арта түспек.