Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында ауыз су мен техникалық сумен жабдықтау, суару және басқа да мақсаттар үшін пайдаланылатын 4803 жер асты су кен орны барланды. Мемлекеттік баланста тәулігіне 43,2 млн текше метр пайдалану қорлары тіркелген, оның ішінде тәулігіне 1,5 млн текше метр немесе 3,6% ғана пайдаланылады.Атап айтқанда, шаруашылық-ауыз су мақсатындағы қорлар тәулігіне 21,2 млн текше метр, өндірістік-техникалық сумен жабдықтау үшін тәулігіне 2,4 млн текше метр, жерді суару үшін тәулігіне 19,6 млн текше метр көзделген.
«Елімізде 4000-ға жуық бақылау ұңғымаларының жерасты суларын бақылаудың мемлекеттік желісі жұмыс істейді. Олар судың деңгейін, температурасын және сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Гидрогеологиялық саланы цифрландыру үшін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне мониторингтік және пайдалану ұңғымаларын енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жерасты суларын басқаруды жүйелеу үшін тиісті құқықтық-құжаттық актілер қабылданды. Олар жерасты суларын іздеу, бағалау, алу және мониторинг жүргізу тәртібін, сондай-ақ суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын бақылау талаптарын белгілейді», - деді Жерасты сулары департаментінің директоры Жайық Ерікұлы.
Суарудағы су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелерін кешенді шешу мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігіне шаруаларға суармалы су қызметтерінің құнын, сондай-ақ суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған шығындардың бір бөлігін субсидиялау жөніндегі функциялары берілді.
Инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға фермерлердің шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Тариф құнына байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді. Су үнемдеу жүйелерін пайдаланған жағдайда субсидия көлемі 60%-дан 85%-ға дейін ұлғаяды.
Қабылдаған шараларының арқасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік алқаптардың көлемі 2023 жылғы 312,2 мың гектардан биыл шамамен 580 мың гектарға дейін ұлғайды. Бұл – елдегі суармалы жерлердің жалпы аумағының 30%-ын құрайды. 2030 жылға дейін заманауи суару жүйелерімен 1,3 миллион гектар жерді қамту жоспарланып отыр, бұл суармалы жерлердің жалпы көлемінің 70%-ы болады.
Өнеркәсіп саласында суды үнемдеуді қамтамасыз ету мақсатында жаңа Су кодексінде кәсіпорындарға 7 жыл ішінде кезең-кезеңімен айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелеріне көшу жөнінде міндетті талап енгізілді. Оның ішінде 2 жыл – дайындық кезеңі, ал жоспарларды іске асыруға 5 жыл беріледі.
Бұл шара суды қайта пайдалану үлесін қазіргі 13,1%-дан 2030 жылға қарай 28%-ға дейін арттыруды көздейді. Сонымен қатар егер кәсіпорындар айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелеріне көшу жоспарларын орындамаса, рұқсат етілген су пайдалану көлемін азайтуды реттейтін нормативтік-құқықтық актілер қосымша қабылданады.
Қоғамда суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру жұмысы жалғасып жатыр. Министрлік қызметкерлері «Суды үнемде – болашақты сақта» атты республикалық жоба аясында еліміздің мектептерінде су үнемдеу тақырыбында ашық сабақтар өткізіп келеді. Бүгінде ашық сабақтарға ел бойынша шамамен 2 миллион оқушы қатысты. Жаңа оқу жылында акцияға колледж және жоғары оқу орындарының студенттерін де тарту жоспарланып отыр.