Алматыда әуе рейстері кешігіп жатыр

Алматыда жауған алғашқы қардан көшелерде кептеліс күшейіп, әуе рейстері кешігіп жатыр. Бір тәулікте қала көшелерінде 37 жол апаты болды. 6 адам зардап шеккен. Кейбір аудандарда жарық жоқ.   Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшкен.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Алматыда бүгін тіршілік тоқтап қалғандай. Онсыз да кептелістен көз ашпайтын мегаполисте көлік қозғалыссыз тұрғандай. Тұрғындар діттеген жеріне сағаттап емес, жарты күнде жете алмауда. Қар қалың түскен жоқ. Соның өзінде сақтық шарасын сақтаймыз деп асықпай жүргендер жетерлік.

Көпшілік темір тұлпарының дөңгелектерін ауыстырмаған. Таңнан бері әбіргерге түсіп жатыр. Жол апаты көбейді.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жылдамдықты асыра пайдалану, қауіпті маневрларды жасау. Өзінің автокөлігін қыс маусымына дайындамау салдарынан орын алған жол көлік оқиғалары. Қазіргі таңда күндіз тағы да 20-ға жуық жол көлік оқиғасы тіркелді. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. 

Қазір қалада 900-ден астам арнайы техника, 2500-ден астам жұмысшы бригадасы қызмет етуде. 

БЛИЦ:

- Аяқ астынан суық боп кетті қатты. Сол қысқы курткаларымды сразу шығарып алдым. И этот пробка қатты болды бүгін таңертең. Кешке тура сондай болатын шығар енді. Сондықтан үйге тезірек бара жатырмын.

- Баратын жерден кешігіп жатырқ енді. Күннің суығы соншалық, қатты мұздадық.

Қолайсыз ауа райынан әуежайдағы ұшу кестесі бұзылып жатыр. Оның  басым көпшілігі- ұшып келетін рейстер. Кейбір аудандарда  электр қуаты да өшіп қалған. Жауаптылардың айтуынша,  қардың әсерінен ақаулар болған.  Қазір ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.