Шанхай халықаралық импорттық тауарлар көрмесі сегізінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Биылғы CIIE көрмесіне 155 елден өкілдер мен 4100-ден астам шетелдік компания қатысуда. Кәсіби келушілердің саны 449 мыңнан асты. Қазақстан тарапынан 100-ден астам өндіруші қатысып отыр. Бұл еліміздің CIIE көрмесіне қатысу тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
«Қазақстан үшін Шанхай көрмесіне қатысу – стратегиялық бағытқа айналды. Бұл алаң отандық өндірушілерге жаңа экспорттық мүмкіндіктер ашып, тек Қытайға ғана емес, басқа да әлемдік нарыққа шығуға жол салады», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Министрдің айтуынша, Қытай экономикасындағы жаңа бағыттар бұл көрменің маңызын арттыра түскен. «Қытай ішкі тұтынуды арттыру үшін импортқа басымдық беріп отыр. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен сапалы тауарлардың келуіне мүмкіндік береді. Ел үкіметінің ресми жол картасына сәйкес, биыл дамушы елдермен, соның ішінде Орталық Азиямен сауданы дамытуға ерекше көңіл бөлінген», – деді министр.
Шанхай көрмесіне қатысу арқылы қазақстандық компаниялар экспорттық келісімдер жасап қана қоймай, әлемдегі ең ірі тұтыну нарығына жол ашып келеді. Соңғы бес жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда көлемі екі есеге өсіп, 2024 жылы 30,2 млрд долларға жетті.
QazTrade мәліметіне сай, Шанхай көрмесіне қатысу арқылы қазақстандық компаниялар соңғы жылдары жалпы құны 306,5 млн доллардан асатын келісімшарттар жасаған. Тек 2023–2024 жылдары май өнімдері, ет, өсімдік майы, түйе сүті ұнтағы, шырындар мен пюрелер жеткізу жөнінде ондаған келісімге қол қойылды. Биыл ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін Қытайға, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдеріне экспорттауға арналған жаңа ұзақмерзімді келісімдерге қол қою жоспарланып отыр.
Көрме аясында QazTrade пен Қытайдың Optimize Integration Group (OIG) компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі ел арасындағы цифрлық сауданы дамытуға, онлайн-платформалар мен заманауи цифрлық құралдар құруға, экспорттық процестерді жеделдетуге бағытталған. Тараптар қазақстандық азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына бірлесіп ілгерілету, заманауи технологиялар мен логистиканы дамыту және өзара есеп айырысу шарттарын жақсарту жөнінде келісті.
OIG Group – Қытайдағы азық-түлік импорты саласындағы ең ірі және технологиялық компаниялардың бірі. Ол елдің ең ірі 500 кәсіпорнының қатарына кіреді, әлем бойынша 31 мың жеткізушімен жұмыс істейді, Қытайда 15 кеңсесі және 11 шетелдік өкілдігі бар. Компания платформасы арқылы Қытайға әкелінетін мұздатылған өнімдердің 18% өтеді. Яғни, Қытай нарығындағы әрбір жетінші сиыр еті стейкі, әр алтыншы тауық төс еті және әр бесінші асшаян – OIG арқылы жеткізіледі.
«Сауда және интеграция министрлігі шағын және орта бизнестің халықаралық нарыққа шығуы мен жаһандық құн тізбектеріне кірігуі үшін жағдай жасап келеді. Біз қазақстандық өнімді Қытай нарығына өңірлендіру қағидаты бойынша ілгерілетудеміз, яғни түрлі провинцияларда павильондар, өкілдіктер және сауда үйлері ашылуда. Қазірдің өзінде Үрімжі мен Нанькин қалаларында серіктестік кеңселер жұмыс істейді. Көрменің қорытындысы бойынша қазақстандық компаниялардың географиялық қатысу аясын кеңейту жөнінде жаңа уағдаластықтарға қол жеткіздік. Бүгінде Қазақстан көрменің барлық төрт алаңында таныстырылып отыр: ұлттық павильонда, Қытай кооперативтерінің жалпы федерациясы – China Co-Op павильонында, Jiangsu SOHO алаңында, сондай-ақ биыл алғаш рет Алматы қаласы өз жеке павильонымен қатысуда. Кешенді тәсілдің арқасында биыл біз өндірушілердің рекордтық санын тарттық», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Қытаймен бірлескен бағдарлама аясында өнімдерді қытай нарығының талаптарына бейімдеу бойынша акселерация өткізу жоспарланып отыр: буып-түю, брендтеу және тауарларды ілгерілету. Сондай-ақ кооператив кәсіпкерлеріне арналған білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда, онда олар өнімді сертификаттау және Қытай нарығына шығу ерекшеліктері бойынша оқудан өтеді.