Денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты ұйымдардың бірқатар басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды,- деп хабарлайды Astana TV.
Биыл Жоғары аудиторлық палата Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының азаматтарды және медициналық мекемелерді дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету қызметін тексерген.
“Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық пен кемшіліктер анықталып, олардың негізінде Жоғары аудиторлық палата жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырған”, - делінген Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.
Нәтижесінде мына тұлғаларға түрлі тәртіптік жаза қолданылған:
- ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры;
- ҚР ДСМ Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры;
- ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары;
- «Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығының» директоры;
- «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» бас директорының орынбасары;
- «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 3 шілдедегі бұйрықпен «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палатаның өзге де ұсынымдары мен тапсырмаларын орындау жұмыстары жалғасып жатыр.