Курьер күзетші әйелді ұрып, қасын жарып жіберген

Алматылық курьер аулаға рұқсатсыз кіргені үшін ескерту жасаған күзетші әйелді ұрып тастады. Ер адам тыйым салынған белгіні елемей, мопедпен екі бақылау бекетінің жанынан тоқтамай өтіп кеткен. Күзетші мопедтің нөмірін суретке түсіріп, ескерту жасап жатқан сәтте курьер жұдырық ала жүгірген. Күдікті 43 жастағы жәбірленушінің бетінен екі рет ұрып, оның қасын жарып жіберген. Жарақат алған қызметкер бұл тұрғынүй кешенінде 4 жылдан бері жұмыс істеп жүр екен. 

ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Абырой болғанда, миыма зақым келген жоқ. Сол жақ қастың үстіңгі бөлігі жарылып, оны дәрігерлер тігіп берді. Күдікті кешірім сұрау ниетінде жұмыс орныма келіп, әріптестерімнен менің байланыс нөмірімді сұрады. Бірақ мен онымен сөйлесуден бас тарттым.

Шабуыл жасаған курьердің ресми құжаты да жоқ болып шықты. Ол өзге тұлғаның атына тіркелген мопедпен жұмыс істеп жүрген көрінеді. Бостандық аудандық полиция басқармасы бұл факті бойынша  сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК. ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Күдіктінің аты-жөні анықталды.  Оны ұстауға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізілуде. 108 баптың нормалары бойынша 3 жылдан аса бас бостандығынан айыру мерзімін көздеуде. Осы норманы міндетті түрде сот ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды есепке ала отырып, ұйғарымын шығаратын болады.