Пранктан жапа шеккен тұрғындар көбейді

Блогерлер жасап жүрген пранктан жапа шеккендер көбейді. Орынсыз әзілге тап болып, денсаулығынан айырылған  тұрғындар бар. Зәресі зәр түбіне жеткендер бұл туралы әлеуметтік желіге жазып, көмек сұрауға кіріскен. Бірінің қатты қорыққаннан тілі тұтықса, енді бірі қоғамдық орында еркін жүруден қалған. Өзекті мәселені Аружан Задабек «Өзекті» айдарында талдайды.

Қайырлы кеш, көрермен! Өзекті тақырыптарды бірге талқылаймыз. Экраннан алыс кетпеңіз.

Пранк жасайтындар көбейді. Әзілдің шегінен шығып, қоғамдық тәртіп пен адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді. Бірі лифтке «жалған мәйіт» қойып, тас қараңғыда адамдардың зәресін алса, енді бірі жеделсатыға тапанша ұстап кірген. Осындай «әзілге» тап болған астаналық тұрғын әлі күнге дейін есін жия алмай жүр. Қатты қорыққаннан тілі тұтыққан.

БЛИЦ:

- Пранк емес, таза жындылық!

- Осы пранк жасағыштарға ешқандай шара жоқ па қолданатын?

- Құрт керек, соттау керек!

Бұл пранктың авторы бұған дейін де осындай әрекеті үшін екі рет әкімшілік қамауға алынған. Соған қарамастан, қауіпті видеолары желіде әлі де жарияланып келеді. Мәселе парламент қабырғасында да қозғалды. Депутаттар «блогерсымақтардың» бұл ісіне көз жұмып қарауға болмайды дейді. Дер кезінде жазалап, керек болса әлеуметтік желісін бұғаттауды ұсынған.

БЛИЦ:

- Пранкерлерді жазалау керек. Тәртіп пен мәдениет керек.

- Қатаң жаза қабылданған дұрыс немесе үлкен соммада штраф төлету керек блогерлер. Сонда азаятын шығар пранк жасау.

Расымен, соңғы кездері әзілдің әдебі жоғалып барады. Қазақ халқында қалжыңның неше түрі бар. Жезде мен балдыздың, нағашы мен жиеннің, құда мен құдашаның, қайны мен жеңгенің арасындағы ойын көз сүйсінтеді. Ал қазір ше? Біз шынайы қалжыңдасып жүрміз бе?! Әй, қайдам? Меніңше, бұл үрдіс шынайылықтан анайылыққа ауысып кеткендей. Қазір әртүрлі әзіл-оспақ театры бар. Дәл осы өнер ошақтарының қойып жүрген әзілдері көңілге қонымсыз дейді тұрғындар. Қазір «әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегенді алға тартып, кез келгенмен әзілдесіп жатады. Мұндайда шеңберден шықпаған дұрыс. Күлдірем деп, бүлдіріп алмасақ болғаны.

БЛИЦ:

- Әзіл-қалжың үлкен адамдарға, танымайтындарға жүрмейді. Негізі көп әзілдеудің қажеті жоқ.

- Дұрыс айтады ағамыз. Мәдениеттен айырлып барамыз.

- Өте дұрыс. Тәртіп қатаң түрде керек.

Құрметті көрермен, бүгінге осы. Келесі жүздескенше!