Қазақстан мен АҚШ 17 миллиард доллар болатын келісімдерге қол қойды

АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвестор. Соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард долларға жетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары бұл көрсеткішті одан әрі нығайтуға серпін береді дейді сарапшылар. Олай айтуға толық негіз бар. Осы кездесудің өзінде тараптар жалпы құны 17 миллиард  доллар болатын келісімдерге қол қойды. Ол қандай бағыттар бойынша? Кездесу нәтижесі туралы Аружан Задабек тарқатады.

АҚШ-қа табан тіреген Мемлекет басшысының жұмыс кестесі тығыз болды. Америка бізге экономиканың жілігін шағып, майын ішкен мемлекет ретінде танымал. Осындай алпауыт елге барғанда «құр қол» қайтпасымыз анық еді. Сол үшін Президент әр минутты бос кетірмей, Құрама Штаттарының шашпауын көтеріп жүрген қызметкерлерді жеке-жеке қабылдады. Нәтижесінде маңызды меморандумдарға қол қойылды.

АМАН МАМБЕТАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Елдер арасында инвестиция, технология бағыты бойынша оң нәтиже байқалады. Бұл біз үшін өте маңызды. Қазақстан АҚШ үшін Орталық Азияға есік бола алды.

Енді жеке-жек тоқталайық. Тоқаев алдымен Мемлекеттік хатшы Марк Рубиомен, Сауда министрі Говард Латникпен және АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілімен жүздесті.  Артынша халықаралық нарыққа шыққан отандық ІТ стартаптарға арнайы уақыт бөлді.  «Қонақ келсе құт келерін» америкалық конгрессмендер де назардан тыс қалдырмады.  Осы сәтті пайдаланып екі ел арасындағы байланысты пысықтап өтті. Қазір АҚШ – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі. Құрама Штаттар ел экономикасына 100 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бұл – Орталық Азияға бағытталған жалпы инвестиция көлемінің 80 проценті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

АҚШ конгрессі үнемі демократияның бастауында тұрады. Парламент аралық байланысты дамытуға үлес қосып келесіздер. Қазір біздің елімізде 600-ден аса америкалық компания жұмыс істейді.

Кездесудің бәрінде Қасым-Жомарт Тоқаев көк галстук таққан. Бейресми мәліметтерде бұл түс “жаңа бетбұрыс”, “ашықтық”, “бірге жұмыс істеуге дайынмын” деген мағынаны білдіреді екен. Иә, АҚШ-пен байланыс орнатып, сауда жасау кімге болмасын тиімді. Нарықты билеп отырған америкалықтардың қазір біздің жерде 630 компаниясы жұмыс істейді. Олардан түсіп отқан пайда көп. 100 млрд доллардай инвестиция  құйды. Америкалық сенатор Стив Дэйнс «бұл – тараптар арасындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктестіктің дәлелі» дейді.  Ал бұл берік байланысты нығайтуға сенатордың өзі де талай үлес қосқан. Міне, еңбек ақталды. Президент Стив Дэйнсті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сізбен кездескеніме қуаныштымын. Сіздің Қазақстанның нағыз досы екеніңізді білемін. Екі елдің байланысы үшін сіздің атқарған еңбегіңіз орасан зор. Осының арқасында елдердің барлық саладағы байланысы артатынына сенімдіміз.

Тоқаевтың АҚШ-қа сапарын жаңалықты жұлып алатын жергілікті журналистер қалт жіберсін бе?! Мемлекет басшысынан The Washington Post және The New York Times секілді америкалық танымал басылымдар сұхбат алды. Басылым тілшісі Кантон Трояновский өзінің мақаласында ол туралы былай жазған.

КАНТОН ТРОЯНОВСКИЙ, «THE NEW YORK TIMES» БАСЫЛЫМЫНЫҢ ТІЛШІСІ:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында келісімдерге қол қоюдың маңыздылығын ең алдымен экономикалық тұрғыдан атап өтті. «Бұл экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан белгілі бір дивидендтер әкеледі дегенді білдіреді. Біз бұған дейін Израильмен және Таяу Шығыс елдерімен жақсы қарым-қатынаста болғанбыз. Бұл — біздің саясатымыздың қисынды жалғасы», — деді ол.

Негізі Президенттің АҚШ-қа барудағы басты мақсаты "Орталық Азия – АҚШ" саммитіне қатысу. С5+1 форматындағы жиын аймақ ынтымақтастығын арттыруға бағытталған. Бейбітшілік демекші, Трамп Президент ретінде сегіз айдың ішінде сегіз соғысты тоқтатуға ықпал еткен. Америка басшысының бұл іскерлігін Тоқаев ерекше атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қолдауға лайық деп санаймын. Мен де Сіздің ұстанымдарыңызды қуаттаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз.

АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвестор. Экономикамыздың қозғаушы күші деуге де болады. Соңғы жылдары тараптар арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард долларға жетті. Біз Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз.

ЖАНДАР АСАН, САРАПШЫ:

Орта Азия елдері, біріншіден, адами әлеуеті жоғары. Екіншіден, логистикалық деңгейі мол. Өйткені Орталық Азия Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті дәнекер, байланысты нығайтады.

Қазір АҚШ пен Қазақстан қарым-қатынасын түрлендіретін кезеңге қадам басты. Біздің ел сирек металдарға бай. Азия бойынша бірінші орында тұр. Қазір оған дәмелі ел қатары көбейген. Ал оны жаһанға шығаруға әлеуетеміз әбден жетеді. АҚШ-қа да керегі – осы.

ДІНМҰХАММЕД ҒАЛИ, ҚОЛДАНБАЛЫ ЭТНОСАЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан үшін бұл жиын – инвестиция тартуға, «жасыл» экономика мен өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға және көпвекторлы саясатты одан әрі нығайтуға мүмкіндік.

Бұл сапар бұрыңғыдан өзгерек. Қазақстан мен АҚШ жалпы құны 17 миллиард доллар болатын келісім жасады. Ол авиация, минералды ресурстар және цифрлық технологиялар секілді бағыттарды қамтиды. Бірақ қос тарап мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта Трамп біздің елге қонақ болуы мүмкін. Егер келсе ол қазақ еліне келген алғашқы Америка Президенті ретінде тарихта қалмақ.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл әбден мүмкін. Барлық сала өте маңызды деп санаймын. Бір жылдан кейін не болатынын білмейміз. Сіздің табиғи ресурсқа бай еліңіз, сондай-ақ парасатты Президентіңіз бар.

АҚШ Президентінің Қазақстанға деген жылы ықыласын бұған дейін де байқаған едік. Әсіресе, Мемлекет басшысының бейбітшілік жолында ұстанатын саясатына жоғары баға берген. Расымен, Қазақстан өзін татулықты ту ететін ел ретінде талай дәлелдеді.  Ал, Орталық Азия – жай ғана географиялық кеңістік емес, ынтымақтастық және дипломатияның орталығы. "С5+1" форматындағы мұндай жиынның мақсаты да осы. Байланысты нығайтып, серіктестікті арттыру. Саммит дегеніне жетті. Қазақстан да, АҚШ та өз мемлекетіне орасан пайда әкелетін келісімге келді. Демек, бұл сапарды жеңісті, жемісті деуге толық негіз бар.