Жолаушылар жылы аялдамаға кіре алмай жүр

Астанада қыста жолаушыларға қолайлы болсын деп орнатылған жылы аялдамаларға қатысты сын көп.  Жұрттың айтуынша, кей аялдамаларда жылу жүйесі жұмыс істемейді, ал кейбіреуін үй-күйсіз жандар паналаған. Сондықтан оның ішіне кіріп, отыру мүмкін емес. Әріптесім Айғаным Тұрысбек аялдамаларды аралап келді.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Дәл қазір Астана қаласында кешкі сағат 17:30. Ауа райы -7 градусты көрсетіп тұр. Аялдама сыртында автобус күткен адамдар толы. Олар мына жылы аялдамаға кіре алмайды. Себебі мұнда сасық иіс, іші қоқысқа толы.

БЛИЦ:

- Көбінесе осы аялдамада отыратын адамдарды көремін. Қалай айтсам екен, тұрақты мекенжайы жоқ адамдар. Олар ішімдік ішеді. Біреуін тіпті қуып шыққан еді, себебі ол сол жерде дәрет сындырған.

- Остановкаларда без домный кісілер ұйықтайды, маскүнемдер. Сонда біз нормальный кісілер кіре алмаймыз. Милиция бір қарайтын кісілер болу керек қой.

- Кейбіреуінде жылу ұрып тұрады. Күшті, ішіне кіріп отыруға болады. Ал таңғы уақытта біз университетке келе жатқан кезде кейбіреулері мүлде салқын болады. Далада отырдың не, іште отырдың не?

Қала бойынша 290 жылы аялдама бар. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, әрбір нысанға техникалық қызмет көрсететін жауапты мекемелер бекітілген. Қазір жылу жүйесі істемей тұрған аялдамаларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар тарапынан бақылау күшейтіледі деп сендірді.

ШЕРХАН АМАНТАЙ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Қазіргі таңда, суық кезеңде аялдама ішінде үй-күйі жоқ адамдардың паналау жағдайы кездеседі. Ондай жағдайда тұрғындар 102 номеріне хабарласып, полиция көмегіне жүгінуге болады. Аялдаманы екі күн сайын жуып тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ол жаңағы қабырғалары, ішкі пол жуу жұмыстарын мердігер ұйымның екі топ жұмыскерлер жұмыс жасаайды.

Билік өкілдері тұрғындардан аялдамалардың тазалығы мен сақталуына бейжай қарамауды сұрайды. Ал жылы аялдамалардың шын мәнінде қолайлы болуы - бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз дейді әкімдік.