Астанада ғимарат опырылып, бес адам құтқарылды

Фото: әлеуметтік желі

Бүгін Астананың Алматы ауданында, Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайында тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіштен жасалған сыртқы қаптама мен кондиционер қондырғысы құлады.

– Құтқарушылар келгеннен кейін ғимараттың бірінші қабатында орналасқан дүкеннің кіреберісінде 150 шаршы метр аумақта кондиционер мен қаптаманың құлағаны анықталды. Құтқарушылар жарақат алғандарды алып шығып, қаптаманың одан әрі құлау қаупін жойды. Зардап шеккендер жедел жәрдем бригадасына тапсырылды, - деп хабарлады Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.

Оқиға орнында бөлшектеу және апаттық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Төтенше жағдайлар департаменті бес адамның жарақат алғанын, олардың ішінде балалар жоқ екенін нақтылады.