Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті көлік прокуратурасының үйлестіруімен «СПК Қызылорда Балық» ЖШС басшылығына қатысты істі аяқтады,-деп хабарлайды Astana TV.
“Тергеу нәтижесінде анықталғандай, 2022 жылы кәсіпорынның лауазымды тұлғалары кеден органдарына жалған мәліметтер ұсынып, құны 254 миллион теңге болатын және жалпы салмағы 75 тоннадан асатын көк серке етін Еуропалық одақ елдеріне заңсыз экспорттаған”- деп мәлімдеді ҚМА.
Компания балық өнімдерінің заңды шығу тегін көрсету үшін шын мәнінде балық өсірмеген және ұстаумен айналыспаған шаруашылықтармен мәміле жасаған болып, жалған құжаттар рәсімдеген.
“Тексеру барысында бұл шаруашылықтардағы су айдындарының толықтай кеуіп қалғаны, ал құжаттарда көрсетілген жүк көліктерінің тасымалдау қызметін атқармағаны, әрі тоңазытқыш жабдықтармен қамтамасыз етілмегені анықталды”- деп хабарлады ҚМА.
Сонымен қатар, жалған шот-фактуралар мен ветеринарлық анықтамалар берілгені дәлелденді.
Сот үкімімен кәсіпорынның құрылтайшысы А. Ерхатов пен директоры Л. Қайыпназарова кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді.
Мемлекет пайдасына 254 млн теңге көлеміндегі заңсыз табыс өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.