Астанада тоғыз қабатты үйдің қасбеті құлап, салдарынан бес адам жарақат алған. Арасында көмекке келген жедел жәрдемнің фельдшерлері де бар. Оның біреуінің жағдайы ауыр дейді дәрігерлер. Мәселенің мән жайын әріптесім Назерке Алтынбек айтады.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Көріп тұрғандарыңыздай, осы тұрғын үйдің кірпіштен жасалған сыртқы опырылып, бірінші қабаттағы дүкеннің кіреберісіне құлаған. Қалдықтар 150 шаршы метрге дейін шашырап кеткен. Онымен қоймай үйдің сырты сол мезеттке бір емес, екі рет құлап үлгерген.
Оқиға күні Айгүл Қалиеваның үйіне жақындары қонаққа келе жатқан, кейіннен дүкенде тұрғанда үстіне кірпіштер құлапты. Олар бірден ағасына хабарласып көмекке шақырған.
АЙГҮЛ ҚАЛИЕВА, ЗАРДАП ШЕГУШІНІҢ ӘЙЕЛІ:
Не болды деп айғайлап кеткеннен кейін, мен неге айғайлап жатсың десем, Гуля мен Айнұр тастың астында қалды деді. Мына входтан кірсек, шаң-қан болып отыр жылап, ал сестренкасы Айнұр тастың астында жатыр одан есін жоғалтып бара жатқаны көрініп тұрды. Есінен танып, көзін алайтып жатыр.
Куәгердің айтуынша, біраз уақыт өткен соң, үйдің қасбеті тағы бір мәрте опырылған. Сол кезде оның жолдасы мен көмекке келген фельдшерлер тастың астында қалған.
ӘДІЛЕТ ЗЕЙНЕЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Кондиционер тура менің әйелімнің басына түскен. Екінші фельдшердің басына кірпіш түскен. Ал менің әйелімнің мұрнынан, аузынан қан кетіп, есін жоғалтқан. Мен өзім де ауруханада жұмыс істеймін, әйелімді көргенде танымай қалдым. Оның бас сүйегі толығымен зақымданған, көз аумағы, мұрны сынған. Ми жарақаты бар. Кінәлілер жауапқа тартылады деп сенемін.
Денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, зардап шекккен 5 адам ауруханаға жеткізілген. Екі науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Үшеуі бейінді бөлімшелерде ем қабылдауда.
АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:
Науқастардың екеуі еңбек міндеттерін орындау барысында жарақат алған фельдшерлер екенін хабарлаймыз. Жансақтау бөлімінде жатқан фельдшердің жағдайы өте ауыр. Екінші фельдшердің жағдайы – орташа, ол нейрохирургия бөлімшесінде ем алуда. Барлық пациент дәрігерлердің бақылауында.
Полиция бұл жағдайға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.