Алматыда "Перзент" балалар үйі өртке оранды. Тілсіз жау тұтанған уақытта ғимарат ішінде адам болмаған. 35 тәрбиеленуші дер кезінде эвакуацияланып, қауіпсіз жерге шығарылған.
ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:
Асханада тұтанған өрт 3 қабатты ғимараттың шатырына тараған. Мың шаршы метр аумақ отқа оранды. Зардап шеккендер жоқ. Балалар қауіпсіз жерге шығарылған.
Төтенше жағдайлар департаменті өртті сөндіруге 63 қызметкер мен 17 техника жұмылдырған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін 8 қызметкер 35 баланы жақын орналасқан мешітке көшіріпті. Шатыр -ағаш фанера мен резеңке жабындыдан жасалғандықтан отты ауыздықтау оңайға соқпады.
ҒАЛЫМЖАН БӘЗІЛБЕКОВ, НАУРЫЗБАЙ АУДАНДЫҚ ТЖ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Дереу күштер мен құралдар жоғарғы номерде үшінші дәрежемен жұмылдырылды. Шақыру орнына бірінші келіп жеткен өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері балалар үйіндегі асхана мен моншаның жанып жатқанын анықтады. Балалар өрт сөндірушілер келгенге дейін қауіпсіз орынға көшірілген.
Алдын ала болжам бойынша, өрт моншадан шыққан.
ӘМИНА ӘЖІБАЕВА, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Балалар отынды көп жағып жіберген. Көп жағып жіберген да, ана кішкентайлар келіп шұқыған и от ағашпен стенаның астымен тура шыққанда екінші этажға көтерілген. Содан ары қарай мынадан бір- ақ шыққан.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балалар үйінің тәрбиеленушілері жақын арада басқа ғимаратқа ауысатынын жеткізді.
ДИНАРА ЗӘКИЕВА, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:
Қазір барлығы 29 бала қалды, себебі 6 баланы ата-аналары алып кеткен. Бірнеше күн ішінде балаларды мектепке жақын орналасқан қордың басқа ғимаратына көшіреді. Өрт шыққан ғимараттағы жөндеу жұмысы шамамен үш айдың ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр.
Жағдайды үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылған. Дәрігерлер балаларды толық тексеруден өткізді, психологиялық көмек көрсетілген. Қашықтан оқу ұйымдастырылды. Мәселе толық шешілгенге дейін жағдай жіті бақылауда болмақ.