Қазақстан кинологтар одағы «Қазақы тазы» тұқымын сақтау үшін ор қоянға аңшылық сынақтар өткізді

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2025

Елордада Қазақстан кинологтар одағы қазақы тазы тұқымының аңшылық қарымын бағалау мақсатында арнайы далалық сынақтар өткізді. Бұл іс-шара тек иттердің сыртқы бітімін емес, ең бастысы – жылдамдық, төзімділік, іздеу шеберлігі және ақылдылығы сияқты негізгі функционалдық сипаттарын айқындауға бағытталды.  Елдің түкпір-түкпірінен жиналған 20 тазы сайысқа түсті. Ұйымдастырушылар аталған шаралар тұқымдық жұмыс жүйесінің іргетасы болып қаланатынын және тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

БАУЫРЖАН СЕРІКҚАЛИ, ҚАЗАҚСТАН КИНОЛОГТАР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тұқымды сақтау дегеніміз не, иттерді сақтап ұрпақтан ұрпаққа бере беру керек деген сөз емес, біздер жүйені қалыптастырып, сол жүйені біз сақтап жалғастыруымыз керек. Сол мақсата өткізіліп жатқан іс шара.

Қазақстан кинологтар одағы алдағы уақытта осындай іс-шараларды елдің басқа өңірлерінде де өткізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам қатысушылар географиясын кеңейтуге, иелер мен мамандарды көбірек тартуға, сондай-ақ қазақы тазының жұмыс сапасын бағалау мен дамытуға арналған бірыңғай тәжірибені қалыптастыруға мүмкіндік береді.  

САНСЫЗБАЙ ҚОЖАХМЕТОВ, САЯТШЫ:

Қазақтың тазысы  жеті қазынаның бірі болғандықтан, біздің құндылығымызды сақтап қалуы үшін бізден кейінгі жасөспірімдерге үлгі болсын насихаттап жүрген соң, осыны дәріптеп жүрміз.