"Екі ел байланысы жаңа серпін алмақ",-сарапшы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтермек. Сапар аясында мемлекет басшылары саяси сенімді нығайтып, одақтастық туралы декларацияға қол қояды деп күтілуде. Бұл құжат Қазақстан мен Ресейдің аймақтық және халықаралық мәселелердегі ұстанымдарын жақындатуға мүмкіндік береді.

БИБІГҮЛ ЖЕКСЕНБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ресейдің ғылыми-техникалық, экономикалық әлеуетін Қазақстанның өз мүмкіндігіне орай пайдалану және екі жақтың мүддесіне сай дамыту біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі. Соның ішінде Ресейдің энергетика, атом, Байқоңыр саласы, ғарышты игеру бағытындағы ұзақ-мерзімді үлкен жобаларымыз жүзеге асып келе жатыр.

Ресеймен байланыс жылдан жылға нығайып келеді. Бұл - нақты әріптестіктің нәтижесі дейді сарапшылар. Президенттің мемлекеттік сапары  барысында көлік-логистика саласы бойынша да мәселелер талқыланбақ.  Соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі, Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолына ерекше көңіл бөлінеді.

ЕРКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз Европамен жалпы географиямыз сондай тек қана Ресей арқылы логистикалық транспорттық қатынастар жасай аламыз. Қазір біз мысалы Ресейде теміржол қалай дамып жатқаны туралы көріп жатырмыз. Бізге де біздің ұлттық компанияға да міндетті түрде осы салада бірге жұмыс істеу керек.