Оралда Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды

Оралда Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды. Биыл ХХІ рет ұйымдастырылған басқосуға жұмысшы мамандығының экономиканы дамытатын қозғаушы күш екені арқау болды. Форумның алғашқы күні Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің Х отырысымен ашылып, тараптар екіжақты келісімдерге қол қойды.

Орал Ресейдің 5 облысымен шектеседі. Көрші өңірлермен арадағы сыртқы сауда айналымы 504 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл былтырғыдан 10 процентке көп. Әсіресе ауыл шаруашылығы, маман даярлау және мұнай-газ саласы бойынша тығыз байланыс орнаған.

НҰРЖАН ӨТЕПБАЕВ, БҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ауыл шаруашылығы саласында, өңдеу өнеркәсібі саласында үлкен жобалар жүргізіліп жатыр.  Ресей Федерациясынан көп кәсіпорындар келіп жатыр Батыс Қазақстан еліне бізде жоқ жобалармен, сонымен қатар жаңа технологиялар алып келіп жатыр. ПиДжи систем мысалы, бигбэк жасайды. Қазіргі таңда 20 мемлекетке шетелге экспортқа шығара алатын Австралиядан Оңтүстік Америкаға дейін. Сондай проектілер бар бізде.

Форум Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің отырысымен ашылды. Ынтымақтастық орнатуға ынталы екі елдің кәсіпкерлері өнеркәсіп, цифрландыру, логистика және өзге де салалардағы мәселелерді талқылады. Кейін өзара уағдаластыққа келген тараптар екіжақты келісімдерге қол қойды.

АНТОН ЛОГИНОВ, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САУДА ӨКІЛІ:

Өнеркәсіптік ынтымақтастық бойынша жалпы инвестиция көлемі 56 миллиард доллар болатын  175 жобамыз бар. Былтырғы тауар айналымы 28 миллиард долларға жетті. Бұл межені 30 миллиард долларға жеткізу жоспарланған.  

Ертең форумның пленарлық отырысы өтеді.  Қазақстан мен Ресей президенттері Мәскеуден тікелей байланысқа шығады. Коммерциялық құжаттарға қол қойылады.