"Әлемде 10 млн-нан астам адам қатерлі ісікпен ауырады", - профессор

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2025

"Әлемде 10 млн-нан астам адам қатерлі ісікпен ауырады". Астанада медицина саласының жетекші сарапшылары, ғалымдар мен денсаулық сақтау менеджерлері қатысқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда осы тақырып талқыланды. Сондай-ақ форум аясында кардиология, нейрохирургия, ядролық медицина, цифрландыру және фармацевтикалық реттеу бағыттары сөз болды.

НАСРУЛЛА ШАНАЗАРОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

Конференцияның мақсаты – тәжірибе алмасу, білмегенді үйрену және білгенмен бөлісу. Шара әртүрлі тақырып пен бағыт бойынша өтуде. Бүгін біз, онкологиялық аурулардың алдын алу жайын қараймыз. Әлем бойынша 10 миллионға жуық адам онкологиялық ауруларға шалдыққан. Соңғы жылдары бұл дерт жастар арасында да жиі кездесіп отыр. Осы мәселені шешу жолдарын әр елден келген профессорлар мен ғалымдар бірге талқылап, өз ұсыныстарын білдіруде.

Бағдарламада пленарлық отырыстар, секциялық сессиялар және пәнаралық шеберлік сабақтары өтті. Конференцияны Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ұйымдастырған. Екі күнге созылған шараға әлемнің 17 елінен келген мамандар қатысты.

ХАЙФЕНГ КИН, ПРОФЕССОР, БЕЙЖІҢ GOBROAD АУРУХАНАСЫНЫҢ ОНКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ИММУНОТЕРАПИЯ БӨЛІМДЕРІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Қазақстанда 2 күн болдым. Жаңа жобалармен танысып, көп нәрсе үйрендім және өз жобамды да ұсындым. Менің ойымша, медицина саласында әлем елдері бірігіп жұмыс істеуі керек, бұл саладағы мәселелер бәрімізге ортақ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, әр елден келген профессорлардың баяндамаларын тыңдап, оқи отырып, алдағы уақытта сіздермен ақылдасып, бірлесіп талқылайтын көптеген тақырып бар екенін түсіндім.