Еліміздің геологиялық ақпараты келесі жылы толықтай цифрландырылады. Бірыңғай платформа арқылы 66 мыңнан астам геологиялық есепті онлайн алуға болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан айтты. Оның сөзінше, қазірдің өзінде бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасын іске қосу саладағы қол жетімділікті арттырып отыр. Жалпы платформада 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Электронды аукциондар мен бонустарды онлайн төлеуге мүмкіндік беретін «электронды әмиян» сервисі іске қосылған. Осы жылы жүйеде 94 пайыз, яғни 5,5 мыңнан астам келісімшарт пен лицензия цифрландырылған.
ИРАН ШАРХАН, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Қазір бірыңғай платформа арқылы 66 мыңнан астам геологиялық есепті онлайн алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар бастапқы геологиялық ақпаратты да цифрландыру жүргізіліп жатыр. Бүгінде оның 73 пайызы электронды форматқа ауыстырылды, жыл соңына дейін 97 пайызға жетеді. Толық цифрландыруды келесі жылы аяқтау көзделіп отыр.