Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихатына тыйым салу жөніндегі норманың авторы ретінде өз ұстанымын білдірді. Бұл мәселенің қоғамда бес жылдан бері қызу талқыланып келе жатқанын айтқан депутат дәл осы мінберден өзі де, әріптестері де бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, мәселені бүге-шігесіне дейін талқылағанын айтты.
“Бұл қасиетсіз топ қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорымызда гомосексуализм бар деп, тұтас халыққа жала жапты. Тіпті мектептерге барып, ашық әрі заңсыз пропоганда жүргізді.Одан қалса, Еділ Жаңбыршин, Асхат Аймағамбетов, Жанарбек Әшімжан, Ардақ Назаров, Елнұр Бейсенбаев пен Самат Мұсабаевқа ақпараттық шабуыл жасады. Біздің жеке басымызға өтіп, келемеждеді. Сол үшін арнайы контент әзірленіп, таратылды. Бұл барып тұрған бассыздық, заң шығарушы органның өкілдеріне қысым жасау, адам құқығын таптау”-деді Жаңбыршин.
Ең сорақысы, олар әлеуметтік желілер арқылы жыныс мүшелерін, сексуалдық қарым-қатынастарын ашық жариялап қана қоймай, қоғамды азғындыққа үндеп, кең ауқымда насихаттау жұмысын жүргізіп жатыр деп атап өтті. Бүгінге дейін ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған әсірефеминистік, ЛГБТ қауымдастығы арнайы, жоспарлы түрде шетелден миллиондаған доллармен қаржыландырылып жатқанын жеткізді.
“Әрине, бұған қарсы қоғам үнсіз қалған жоқ. Былтыр қоғам белсенділері E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялап, олаз уақыт ішінде заңды түрде 50 мың қол жиналды.Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Осы бойынша арнайы зерттеу ұйымдастырылып, оның нәтижесінде ЛГБТ пропогандасы жас өрендеріміздің психикасына тікелей теріс әсер ететіні, олардың танымын сындыратын қауіпті үрдіс екені анықталды”-деді ол.
Жаңбыршиннің айтуынша, БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясында мемлекеттерге баланың рухани, психикалық және физикалық жағдайына зиян келтіретін ақпарат пен материалдардан қорғау жөнінде нақты шаралар қабылдау міндеті жүктелген.
“Сондай-ақ, 2022 жылы Қазақстан Женева декларациясына қосылып, онда әрбір дербес мемлекет өздерінің негізгі құндылықтарын, дәстүрлі отбасы институтын сақтау бойынша ұлттық саясатын жүргізуге құқылы екені айтылған. Бұл Декларацияны АҚШ-тың өзі қабылдаған. Ең бастысы, Трамп осы декларацияны арқау етіп, бір жынысты некелерге шектеу қойып, енді Америкада тек әйел және ер жынысы болатынын мәлімдеді. Арнайы Жарлық шығарды. Осыған байланысты бірнеше халықаралық ұйым Американың жоғарғы сотына шағымданды. Дегенмен, олардың ұсыныстары қабылданбай, Жоғарғы сот Трамптың шешімін дұрыс деп есептеді”-деп атап өтті.
Сондықтан біздің ЛГБТ-ны насихаттауды заңмен шектеу бойынша қабылдап жатқан нормаларымыз кейбір халықаралық ұйымдар мен белсенділер айтып жүргендей ешқандай адам құқығын шектеуге бағытталмаған дейді депутат. Айтуынша, бұл нормалар керісінше, дәстүрлі отбасылық институтты бұзудан және балалар мен жасөспірімдерді деструктивті идеологиялардан қорғап, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға, халқымыздың рухани иммунитетін нығайтуға септігін тигізбек.
“Дербес мемлекеттің ішкі ісіне араласуға, ең бастысы оның ұлттық заңдарына қысым көрсетуге ешқандай ұйымның құқығы жоқ.Ең бастысы, бұл нормалар ұлттың мүддесін қорғауға бағытталған,-деді депутат.