Қоғамда балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі теріс контенттен қорғау мәселесіне қатысты алаңдаушылықтың артуына байланысты заң жобасына педофилияны және дәстүрге жат бағытты насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев айтты.
«Біз балалар мен жасөспірімдердің интернетте күн сайын отбасы, адамгершілік және болашақ туралы түсініктеріне теріс әсер етуі мүмкін ақпаратқа тап болатынын көріп отырмыз. Өсіп келе жатқан ұрпақтың санасын құқыққа қарсы контенттен қорғау олардың қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығының кепілі. Бұл тақырып Парламент Мәжілісінің депутаттары тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын. Мәжілісмендер Еділ Жаңбыршин, Ринат Зайыт, Самат Мұсабаев және Ардақ Назаров ЛГБТ насихатына тыйым салу жөніндегі депутаттық сауалдарын ашық түрде мәлімдеген», - дейді Елнұр Бейсенбаев.
Депутат атағандай, былтыр «Біз Қазақстанда ашық және жасырын ЛГБТ насихатына қарсымыз!» атты петиция ресми қарауға қажетті 50 мыңнан астам қол жинаған болатын.
«Петиция қорытындысы бойынша Ұлттық өркендеуге жәрдем қоры кең ауқымды зерттеу жүргізіп, дәстүрден тыс қатынастарды заңдастыру мен насихаттау өсіп келе жатқан ұрпақтың санасында тұрақтылық пен айқындық сезімін бұзуы мүмкін деген қорытынды жасаған. Осыған байланысты 18 депутаттан тұратын бастамашыл топ педофилияны және дәстүрден тыс бағытты насихаттайтын ақпараттың таралуын шектеуге бағытталған түзетулер енгізуді ұсынды»,- дейді депутат.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, ұсынылған түзетулер тоғыз негізгі заңға қатысты: бала құқықтары туралы, жарнама туралы, байланыс туралы, мәдениет туралы, білім туралы, кинематография және бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарға өзгерістер енгізіледі.
«Сондай-ақ, заң жобасында «дәстүрден тыс бағытты насихаттау» ұғымына нақты анықтама беріліп, мұндай мазмұнды бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда және телекоммуникациялық желілерде таратуға шектеу енгізіледі. Бұл нормалар үкіметтің, сарапшылар қауымдастығының және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен шешімі.Айта кетерлігі, Қазақстан бұл бағытта алғашқы ел емес. Ұқсас заңдар Венгрия, Болгария, Литва, Польша, Қырғызстан және Ресейде де қолданыста бар. Бұдан бөлек, АҚШ-тың Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың трансгендерлерге паспортта биологиялық жынысынан өзгеше жынысты көрсетуге тыйым салу жөніндегі ұстанымын қолдаған болатын. Бұл факт төзімділік қағидаттарын ұстанатын АҚШ-тың өзі табиғат заңдылығына қарсы келмейтінін көрсетеді», - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, балалардың құқықтарына қатысты халықаралық стандарттар да осыған ұқсас талаптарды қамтиды.
«БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының 17-бабы мемлекеттерге балаларды олардың әл-ауқатына зиян келтіретін ақпарат пен материалдардан, соның ішінде интернеттегі мазмұннан қорғау шараларын қабылдауды міндеттейді.Маңыздысы – әңгіме белгілі бір адамдарға тыйым салу немесе оларды жоққа шығару туралы емес. ЛГБТ қауымдастығына жататын азаматтардың жеке құқықтары шектелмейді. Енгізіліп жатқан нормалар тек мұндай ақпараттың жария түрде таралу шеңберін реттейді, бұл халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді», - деді ол.