”Мақсат-балаларымыздың, ұлтымыздың болашағын қорғау“: депутат ЛГБТ насихатына тыйым салу заңына түсініктеме берді

Фото: parlam.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Никита Шаталов халықаралық құқық қорғау ұйымдарының қысымына жауап беріп, ЛГБТ насихатына тыйым салу заң жобасының мақсаты балалар мен жасөспірімдерді моральдық тұрғыдан қорғау екенін айтты.

«Ешкім ұлттық парламентке қандай заң қабылдау керектігін бұйыра алмайды. Ақпараттық қысым арқылы өз көзқарасын таңуға тырысу – халықаралық тәжірибеге де қайшы. Қазақстанда ешкім жынысына немесе көзқарасына байланысты қудаланбайды. Бұл – Конституцияға және мемлекеттің негізгі қағидаттарына қайшы болар еді. Әңгіме жеке өмір туралы емес, қоғамдық кеңістіктегі тәрбиелік әсер мен ақпараттық орта туралы болып отыр», – деді ол.

Түзетулердің негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді отбасы мен неке туралы түсінігін бұзатын, моральдық құндылықтарға нұқсан келтіретін контенттен қорғау.

«Бұл адамдардың болмысын жоққа шығару емес, тек қоғамға жат өмір салтын насихаттауды шектеу», – деп түсіндірді депутат.

Ол сонымен қатар халықаралық құқық нормаларына да сілтеме жасады.

«Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының 17-бабы мемлекеттерге балаларды зиянды ақпараттан қорғау міндетін жүктейді. Яғни, біз қабылдап отырған заң халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Сонымен бірге, Еуропалық конвенцияның 10-бабында да сөз бостандығы мораль мен денсаулықты қорғау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін екені анық жазылған», – деді ол.

Депутат қоғамның бұл тақырыптағы ұстанымы айқын екенін де атап өтті.

«Мыңдаған азамат ресми петицияға қол қойып, билікке өз пікірін жеткізді. Бұл – елдің сұранысы. Оны елемеу – қоғам пікірін елемеу», – деді ол.

Депутат сөз соңында әріптестерін заң жобасын қолдауға шақырды.

«Бұл құжаттың мақсаты – біздің балаларымыздың, ұлтымыздың болашағын қорғау. Ол ешкімнің құқығын бұзбайды, керісінше, қоғамның рухани тұтастығын сақтауға бағытталған», – деді ол.