Қазақстанның ауылдағы мектептерді дамыту тәжірибесі HundrED Global Collection 2026 халықаралық рейтингінің негізгі тізіміне енді,-деп хабарлайды Astana TV.
Бұл тізім әлемде іске асыруға ұсынылған 100 үздік білім беру инновациясын қамтиды. Іріктеуді Финляндиядағы HundrED үкіметтік емес ұйымы өткізді, оған 800-ден астам өтінім берілген.
Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен орта білім беру ұйымдарында білім сапасын арттыру, барлық бала үшін тең әрі қолжетімді білім беру ортасын құру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2023–2024 оқу жылдары Ақтөбе облысында Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен «Шағын жинақты мектептердің әлеуетін цифрлық технологияларды пайдалана отырып дамыту» жобасы іске қосылған болатын. Жобаны Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жүзеге асырды.
Пилоттық жобаға өңірден 134 шағын жинақты мектеп, 12 тірек мектеп қатысып, онда барлығы 10395 оқушы қамтылды. Сондай-ақ 1000-нан астам мұғалімнің қатысуымен шағын жинақты мектеп оқушылары үшін 12 000 онлайн сабақ ұйымдастырылды.
Оны қаржыландыруға Ақтөбе облысының әкімдігі, Қазақстан халқына қоры қатысты. «Қазақстан халқына» қоры арқылы шағын жинақты мектептердің материалдық-техникалық жарақтандырылуына 2,063 млрд теңге, сондай-ақ Ақтөбе облысының әкімдігі арқылы кабинеттерді жөндеу, жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету және мұғалімдерге ынталандыру төлемдері үшін 2 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
Айта кету керек, өңірлерге жұмыс сапары кезінде оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептерде болып, ондағы оқу процесін ұйымдастыру, техникалық жарақтандыру, педагогтермен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше басымдық беруде.