"Бұл – өз уақытында көтерілген және өте маңызды бастама"-Әбутәліп Мүтәлі

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2025
фото: gov.kz

Бұл жай ғана кезекті заң жобасы емес, бұл – еліміздегі цифрлық саланың ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын және тиімді әрі ашық цифрлық ортаны қалыптастыратын басты құжат. Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің жобасы жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әбутәліп Мүтәлі осылай деді. Осы заң жобасының ұйытқысы болған депутат әріптестерінің еңбегін ерекше атап өтті.  Айтуынша, бұл – өз уақытында көтерілген және өте маңызды бастама, себебі цифрландыру экономиканың дамуына және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал ететін негізгі факторлардың бірі.

“Цифрландыру саласында Ұлттық даму институтын құру туралы түзету талдау жұмыстарын және сараптаманы күшейтуге бағытталған қадам сияқты көрінеді, алайда бұл институт нақты қандай іспен айналысатынын түсіну қажет. Алдыңғы цифрлық бастамалардың тарихы бізге маңызды тағылым береді. «Зерде» холдингі бастапқыда цифрлық дамудың қозғалтқышы ретінде құрылғанымен, іс жүзінде функциялардың шоғырлануына, тиімсіздікке және қағазбастылыққа алып келді..Дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелеріне жеке тоқталғым келеді. Кодекс жобасында бұл мәселелерге арналған жеке баптар бар, алайда олар цифрлық ортадағы барлық қатысушылардың мүддесін нақты қорғау үшін әлі де пысықталуы қаже”-деді ол. 

Әбутәліп Мүтәлінің айтуынша, соңғы жылдары елімізде интернет-алаяқтық пен жеке ақпаратты заңсыз пайдалану кең етек жайып отыр.Бұл жағдай мемлекеттік те, жеке сектордың да ақпараттық жүйелері толық қорғалмағандығын көрсетеді. Бұл нормалардың практикалық тиімділігін күшейту қажет: дербес деректер операторларына бірыңғай талаптар енгізу, ақпараттық жүйелерді тұрақты аудиттен өткізу, ІТ-жүйелерді сертификаттау және деректердің таралу фактілері туралы азаматтар мен уәкілетті органдарға міндетті түрде хабарлау тәртібін белгілеу қажет деп атап өтті. Осы тетіктерді енгізу қауіптерді дер кезінде анықтауға, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға және азаматтардың, бизнес пен мемлекеттің мүддесін қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай шаралар елдің цифрлық және ұлттық қауіпсіздік мақсаттарын тікелей қолдайды.

 “Цифрландырудың өзі түпкі мақсат емес екенін айқын түсінуіміз қажет. Ол – адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға, бизнестің дамуына және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге қызмет ететін құрал. Біздің негізгі міндет – Цифрлық кодексті дәл осындай тиімді тетікке айналдыру. Ол бюрократияны көбейтетін немесе жаңа шектеулер тудыратын құжатқа айналмауы тиіс.Осылай еткенде ғана біз ашық, қауіпсіз және тиімді цифрлық мемлекетке берік ірге болатын құжатты қабылдай аламыз”-деді Әбутәліп Мүтәлі.