"Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктес",-Президент

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары жалғасуда.  Қазақстан мен Ресей өзара тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізбек. Қазақстан мен Ресей президенттері келіссөз жүргізіп, екі ел арасында сауда, білімі, атом станциясы құрылыс сияқты өзге де ауқымды мәселелерді мәселелерді сөз етті.

Президент «Белгісіз жауынгер бейіті» ескерткіш мемориалына гүл шоғын қойды.  Қазақстан Ұлы Жеңіске зор үлес қосты. Майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанып, оның тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Бес жүзден астам отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды.

Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындады. Содан соң Құрмет қарауылы еліміздің ресми делегациясының алдынан салтанатпен сап түзеп өтті.

Бұдан соң, Мемлекет басшысы Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Президент бұл сапарын Қазақстан-Ресей сан қырлы ықпалдастығының айтулы кезеңі ретінде қарастыратынын айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл сапар елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды жаңа деңгейге көтеру тұрғысынан тарихи маңызға ие.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесуі жайында айтып, екі елдің ресми делегация өкілдерінің қатысуымен өтетін келіссөздердің күн тәртібіне назар аударды. Өз кезегінде Валентина Матвиенко кездесу үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарына Ресейдің ерекше мән беріп отырғанын жеткізді.

ВАЛЕНТИНА МАТВИЕНКО, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЛДЫ ЖИНАЛЫСЫ ФЕДЕРАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің «Российская газета» басылымына жарияланған мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Шынымды айтсам, Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына қатысты тұстарына алып-қосарым жоқ. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тарихы, бүгіні және болашағы жайында өте терең толғам жасағансыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин келіссөз жүргізді.  Владимир Путин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі және басты инвесторлар қатарында деді. Былтыр екі ел сауда айналымы 27 миллиард доллардан асқан. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 20 миллиард долларға жеткен.  Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкілдері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, белсенді жүргізуде.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Негізгі құжаттарда жазылған уағдаластықтардың өзектілігін өмірдің өзі көрсетуде. Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Сіздің бүгінгі сапарыңыздың қорытындысы бойынша меморандумдар әзірленді. Бұл байланыстарымызды жоғары мемлекетаралық деңгейге шығаруды көздейді. Әрине, бұл бізді қуантады. Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ұмтыламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталды. Оны екі ел арасындағы серпінді жоба деді. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болатынын айтты.  Ресей басшысы Владимир Путинді келесі жылы елге ресми сапармен келуге шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шын мәнінде, мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар – саяси сыпайылық үшін айтылған сөз емес, өзара ынтымақтастығымыздың мәнін ашатын сипаттау. Сондықтан өзара қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болады. Әлгінде өзіңіз айтқандай, барлық сала табысты дамып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Онан соң  Мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Форумға екі елдің нәтижелі стратегиялық серіктестігін айшықтайтын айтулы шара ретінде баға берді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатады. Мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады.

Президент жұмысшы мамандық иелері екі елдің экономикалық өрлеуіне орасан зор үлес қосатынына назар аударды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды. Көп ұзамай бұл жұмысты қорытындылаймыз. Жұмысшы мамандықтарын жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық. Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект, өндірістік процесті жаппай цифрландыру және автоматтандыру жаһандық еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқанын алға тартты.