Түркістанда мектеп оқушысы сыныптасының соққысынан қайтыс болды

Түркістанда  9-сынып оқушысы қатарластарының қолынан қаза тапты. Қаралы отбасы 15 жастағы ұлының өліміне әлімжеттік себеп болды деп санайды. Айтуларынша, бала ол күні үйден шыққыысы келмеген. Телефонға да жауап бермепті. Бірақ, жолдасы келіп, ертіп кетті дейді. Ауыл сыртындағы мазар маңына сол күні үш мектептің оқушылары жиналған көрінеді. Бұл кезекті әлімжеттіктің бірі деп санайды марқұмның туыстары. Сөздерінше, бұрын да денесінде көгерген белгілерді байқап қалған. Сол күні оқиға орнына «інің талып қалды» деп шақырыпты. 

БАУЫРЖАН НҰРЖАНҰЛЫ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:

Менің інімнің жүрегінен ғана ұра берген. Енді жүрегінен ұрғаннан кейін сол бала момент на месте тоқтап қалған, жүрек жарылып кеткен. Жүрегі тоқтап қалған. Ұйқыбезі езіліп кеткен, ол да жарылып кеткен. Сол кезде на месте кеткен.    Қазір бұл  факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Полицияның алдын ала мәліметінше, тоғызыншы сынып оқушысы сыныптасының кеуде тұсынан ұрған. Салдарынан бала сол жерде қайтыс болған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні, сондай-ақ оқиғаға қатысы барларды ұстады. 4 бала қамауға алынған.

БАУЫРЖАН ЗИЯТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді.