Шекарадағы өткізу пункттері жаңартылады

Фото: rosgranstroy.ru

Қазақстан мен Ресей арасында көлік саласындағы ынтымақтастық туралы құжаттар қабылданды, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары аясында көлік және логистика салаларындағы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Қазақстан Республикасы атынан құжаттарға Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев қол қойды.

Негізгі келісімдер

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісім.

Құжат көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Алдағы уақытта тараптар заңсыз араласу әрекеттерінің алдын алу, жедел ақпарат алмасу және қауіп-қатер туындаған жағдайда уәкілетті органдардың іс-қимылдарын үйлестіру бойынша бірлесіп жұмыс істейтін болады.

2. Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы үшінші елдерге экспортқа арналған жүктердің транзиттік теміржол тасымалдары мен ауыстырып тиеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыру туралы келісім.

Аталған келісімді іске асыру екі елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға, логистикалық тізбектерді оңтайландыруға және халықаралық жүк тасымалдарының тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Бұдан бөлек, шекара маңы инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында ведомствоаралық құжатқа — Ресей мен Қазақстан мемлекеттік шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына («Жол картасына») қол қойылды.

Оның іске асырылуы өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға, шекарадан өту уақытын қысқартуға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

— Қол қойылған келісімдер практикалық маңызға ие және Қазақстан мен Ресей арасындағы көлік саласындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған. Оларды іске асыру тұрақты логистикалық бағыттардың қалыптасуына, транзиттік дәліздердің дамуына және Қазақстан мен Ресейдің Еуразия кеңістігіндегі негізгі көлік тораптары ретіндегі орнын нығайтуға ықпал ететін болады, — деп атап өтті ведомство.