Тұңғыш рет қазақ азаматы Қазақстанның Туын әлемдегі ең биік 7 жанартауда желбіретті

Қазақстандық альпинист әрі саяхатшы Ғалымжан Құспанов «7 жанартау» халықаралық жобасын, яғни жер бетіндегі барлық құрлықта орналасқан ең биік жанартауларды бағындыру бағдарламасын аяқтаған әлемдегі 67-ші адам әрі тұңғыш қазақ азаматы атанды,-деп хабарлайды Astana TV. 

Осылайша, отандасымыз соңғы меже – Мексикадағы Орисаба жанартауын (5636 м) бағындырып, соққан жел мен қолайсыз ауа-райына қарамастан, Қазақстанның Мемлекеттік Туын және «AMANAT» партиясының туын желбіретті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі, ал оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш. Сондықтан альпинист Ғалымжан Құспанов Қазақстанның Мемлекеттік Туын әркез өзімен бірге алып жүреді.

Ғ. Құспанов үшін бұл сәт – спорт саласындағы жеңіс қана емес, ұлттық мақтаныш. Солтүстік Америка шыңында желбіреген Көк байрақ – альпинист әр сапарда ұстанып жүрген дәстүрдің жалғасы: жер мен көк түйіскен биіктікте туған елдің Туын көтеру. Осы арқылы ол адамзат баласының күш-жігері мен ұлттық рухты тоғыстырып, қазақстандықтар кез келген биікті бағындыра алатынын дәлелдеп келеді.

Осылайша Ғалымжан Құспанов жер бетіндегі ең биік жеті жанартауды бағындырды: Сидлей (4285 м, Антарктида), Охос-дель-Саладо (6893 м, Оңтүстік Америка), Гелуве (4368 м, Аустралия), Килиманджаро (5895 м, Африка), Эльбрус (5642 м, Еуропа), Демавенд (5609 м, Азия) және Орисаба (5636 м, Солтүстік Америка). Сөйтіп, ол жер бетіндегі барлық жеті құрлықта орналасқан ең биік жанартауларды бағындырған әлемдік альпинистер клубына енді.

Сонымен қатар ол осы күнге дейін құрлықтардағы ең биік жеті шыңның алтауы бағындырды: Эверест (8848 м), Аконкагуа (6962 м), Эльбрус (5642 м), Килиманджаро (5895 м), Винсон (4892 м) және Карстенз (4884 м). Енді осы жаһандық маршрутты түйіндеу үшін Солтүстік Америкадағы Аляскада (АҚШ) орналасқан Денали (6190 м) шыңын бағындыру ғана қалды.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы еліміздің спорт және туризм саласын дамыту ісіне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, партия жыл сайын халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін ұйымдастыруға атсалысады. Ал биыл «AMANAT» партиясы «Kaz Alpine Club» ҚБ-мен бірге еліміздегі негізгі табиғи ландшафттарды қамтитын ұлттық туристік соқпақтар жүйесі – «Алатау аманаты» жобасын іске қосты. Бүгінде бағыттарды белгілеу және инфрақұрылымды жетілдіру жұмысы жүріп жатыр.

Биік таулы аймақтарда бағыттар арнайы бояумен белгіленген тастар арқылы көрсетіледі. Ал негізгі маршрут бойына қашықтық пен бағытты көрсететін тақтайшалар орнатылады. Бұл тақтайшаларда интернетсіз ақпарат алуға мүмкіндік беретін NFC-тегтер енгізіледі. Бұл қадам әсіресе саяхатшылардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Барлық орынға жеке нөмір беріліп, ресми маршрут картасына енгізіледі.

Аталған жоба аясында Шарын шатқалынан бастап, Таңбалы археологиялық кешеніне дейінгі 1200 шақырымнан астам қашықтықты алып жататын ұзын-сонар ұлттық соқпақ салу көзделуде. Бағыт бойында 270 мыңнан астам тұрғыны бар 24 инфрақұрылым нысаны мен 20 елді мекен орналасқан. Туристер этноауылдарға, глэмпингтерге, кемпингтерге, визит-орталықтарға, құтқару стансаларына, сондай-ақ гастрономиялық және этномәдени туризм орындарына бара алады. Болашақта мұнда шытырман оқиғаға толы ішкі және халықаралық туризмге арналған тұтас экожүйе пайда болады.