Жеке фотосуреттер, әлеуметтік желідегі аккаунт та заңмен қорғалатын меншік санатына енгізілмек

  • AstanaTV
  • 13 қараша 2025

Қостанайлық азаматтың атынан бір сағат ішінде 7 несие рәсімделген. Оны өзі банкке барғанда біліпті. Мұндай дерек қазір өте жиі кездеседі.  Алаяқтар адамдардың фотосы мен жеке деректерін пайдаланып, сыртынан-ақ несие рәсімдеп жүр. Ал  жұрт өзі алмаған қарызды төлеуге мәжбүр.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Технология дамыды енді алақанмен ақша аламыз деп қуанымыз. Алайда алаяқтар біздің бет бейнемізді пайдаланып алаңсыз несие алып жүр. Иә, интернет алаяқтық өршіп тұр. Оның бір көрінісі - жеке тұлғаның деректері мен фотосын пайдаланып, несие рәсімдеу. Бүгінде қаншама қазақстандық несиені кімнің, қалай алғанын білмесе де, қарыз төлеп жүр.

Қарағандылық тұрғынның атынан алаяқтар бір емес, 10 шақты несие рәсімдеген. Бір адамға осынша кредитті банк қалай берді деп оның өзі аң-таң.

ҚАРЛЫҒАШ АСҚАРОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір адамда 10 млн. Өзімнің да кредитім бар. Жолдасымда 10 млн оның еще ипотекасы бар. Оның бәрін санағанда 17 млн.

Депутат Мұрат Әбеновтың айтуынша, екі жылда шамамен 1,5 мың несие заңсыз рәсімделіп, оның жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгеден асқан.  Сондықтан ол жалған биометрия арқылы рәсімделген несиелерді сотқа жүгінбей-ақ жоюды ұсынады.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жақында маған бір адам ірі банкке шағымданды. Банк видеожазба бар екенін айтты. Біз Ұлттық банктен ақпарат сұрадық, ол кісі олардың жүйесінен өтпегенін айтты. Содан банк 2014 жылы клиент келгенін, құжатының көшірмесі арқылы биометрия жасалғанын айтты. Қалайша банк 2014 жылғы фото бойынша биометрия жасай алады?

Дәл солай. 11 жыл бұрынғы сурет арқылы жеке тұлғаның атына несие рәсімделген. Ақша алаяқтың қалтасында, қарыз алданған халықтың мойнында қалды. Бұл елде болып жатқан жалғыз жағдай емес.

БЛИЦ:

- Менің атымнан да алаяқтар несие рәсімдеген, бірақ мен сол несиені өзім төлеп жүрмін. Полицияға да, банкке де бардым, ешкім көмектеспеді, арыз да қабылдамады. Енді не істеу керек?

- Алаяқтар 2025 жылдың қаңтар айында атымызға несие рәсімдеген. Біз дереу полицияға арыз жаздық, бізді жәбірленуші деп таныды, бірақ қазір тыныштық. Несиелер сол күйі тұр.

- Баламнын, артынан 5.6 миллион кредит алынган еш кандай биометр отпеген и кодта айтпаган банктен письмо келгенде бірак білдік не істейміз

- Кредит алған ғой ақшалай алаяқтар. Сот та, полиция да, ештеме істемеді. Бір жыл тоқтады, таппадық деді болды. Төлеп жатырмыз, бір Аллага тапсырдық.

Еліміздегі онлайн кеңістікке құқықтық мәртебе беретін алғашқы заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Енді біреу жеке мәліметтерді рұқсатсыз қолданса, сотқа жүгіне алады. Тіпті оларды сатуға, мұраға қалдыруға болады. Сондай-ақ жеке тұлғаны растау жүйесі күшеймек. Енді азаматтар саусақ ізі, бет бейнесі, дауыс сияқты биометриялық әдістермен өздерін растай алады.