Ата-аналар жиналысы неге шоуға айналып кеткен?

Ата-аналар жиналысы тойға айналды. Қазір баланың тәртібін талқыға салатын жиын жоқ. Керісінше, барған адам ұстаздың ыстық шайы мен бауырсағын жеп, ұйымдастырған ойынын тамашалап қайтады. Дәл қазір желіде осы тақырып қызу талқыланып жатыр. Оқушының әке-шешесі «бұл қайдан келген үрдіс» деп бас көтерген. Расымен, білім ошағындағы кеңес неге гала-концертке айналды? Онсыз да жұмысы көп мұғалімдерге мұндай талапты қойған кім? Тақырыпты әріптесім Аружан Задабек «Өзекті» айдарында талқыға салады.

Қайырлы кеш, көрермен! «Өзекті» тақырыптарды бірге талқылаймыз. Экраннан алыс кетпеңіз.

Бұрын мектепте жиналыс десе оқушы да, ата-ана да «не айтар екен» деп қобалжи баратын. Ол кезде мұғалым оқушының тәртібі мен бағасына акцент беріп, әр білім алушыға жеке-жеке тоқталатын еді. Ал, қазір заманауи шоу форматындағы тойға айналған дейді жұрт. Ұстаздар, алдымен, ата-анаға арнайы шақырту жібереді. Келген қонағының алдына мына суреттегідей  хрусталь ыдыс, торт пен дәмді-тәттісін тосады. Ыстық шайы, «тойбастары» тағы бар. Артынша ойын ойнатады, билетеді, қысқасы, қолынан келген бар өнерін көрсетеді. Бірақ бала үлгерімі туралы бірде-бір сөз қозғалмайды. Мектеп басшылығы мұны «шығармашылық көзқарас» деп түсіндіреді. Онсызда да тірлігі көп ұстаздардың бұл ынтасын тұрғындар бағалайды, әрине. Бірақ дастархандағы әр деталь тегін келген дүние емес қой. Оны бала-шағасының аузынан жырып, өзгеге тосу қаншалықты орынды? Оның үстіне бұл үрдіс ата-аналарға ұнап жатқаны шамалы.

БЛИЦ:

- Осылай шақырмаса қазіргі ата-аналар жиналысқа да келгілері келмейді ғой. Тез-ез өткізші деп асықтырады. Малым бар дейді.

- Байқадыңыздар ма, қазір бала туралы ештеңе айтпайды. Барасың, ойнайсың, бітпейтін пернетақтадағы сұрақтар, тіпті, билеліп, ән айтқызып қойды.

- Мынау енді тым артық. Ата-ана ретінде айтып отырмын. Бізге де ұнамайды ол шоулар. Басшылық талап етеді деп бізді де ойнатып қояды. Фото, видеоға түсіреді.

Күні бойы мектепте жүріп, өзгенің баласы үшін тер төгетін мұғалімдерге кешке де тыным жоқ. Оқушыға үйреткенін ата-анасын тәпкіштеп түсіндіріп, мың сұрағына жеке-жеке жауап қатады. Негізі заң бойынша ұстаз ата-аналар чатында жауап бермек түгілі, онда отыруға да міндетті емес. Бұл заңда анық жазылған. Рилс түсіру, белсенді болу да олардың қызметіне жатпайды.

БЛИЦ:

- Солай болса екен. Бірақ сіздің сөзіңізді естіп, тыңдап жатқан мектеп басшылығы жоқ.

- Мұғалімдер ештеңеге міндетті емес деп ертең балаларымыз мектепте қараусыз қалмасын. Мұғалім бас көрсетіп жүру керек.

- Өзіңнің шекараңды мұғалім ретінде қорғай білуді үйрену керек.

Ұстаздардан өзге тақырыпқа ойысайық. Желіде ата-анасын үйінен қуып шыққан ер адамның жазбасы қызу талқыланып жатыр. Интернетте тарап, жұрттың ызасына тиген жазбада былай жазылған.

"SERTYGG22" ПАРАҚШАСЫНАН АЛЫНҒАН:

Мен ата-анамды пәтерімнен қуып шықтым. Иә, жаман естіледі, бірақ алдымен жағдайды түсіндірейін. Мен 29 жастамын. Пәтерді ешкімнің көмегінсіз өзім сатып алдым, бұл мұра емес, нақты қаражатқа алдым, яғни ипотека емес. Жылдар бойы жұмыс істедім, үнемдедім, түнде қосымша жұмыс істедім. Міне, өз баспанам.

Жігіт бұл әрекетін өзінше «олар бір аптаға келеміз де бір ай жатып, үйіме иелік етті» деп ақтауға тырысыпты. Бірақ оқырмандар оның бұл қылығын ерсі көріп, пікірді жаудырып жатыр. 

БЛИЦ:

- Егер менің өзі үйым болса ата-анамды алып, бірге тұрар едім. Анам мені таңертең оятып, әкем жұмыстан күтіп алар еді. Олар маған ұрыссын, есесіне мен ата-анаммен бақытты өмір сүремін.

- Сені балалар үйіне өткізіп тастау керек еді. Сен 18 жыл олардың үйінде тұрдың. Сен де бала кезінде талай нірсені бүлдірдің, бірақ олар сені үйден қуып шыққан жоқ қой.

- Ата-ананы таңдай алмайсың. Оларға риза бол. Жалғыз өзің тұрып әлі үлгересің. Ата-анаң мәңгі сенің қасында болмайды. Барып, кешірім сұра.

Құрметті көрермен, бүгінге осы! Сау болыңыздар!