Павлодар облысында көзі нашар көретін 140-тан астам бала бар

Павлодар облысында 140-тан астам баланың көзі нашар көреді. Оның екеуі- қос жанарынан айырылған зағип. Бұндай балаларға 2011 жылдан бастап №7 арнайы мектеп-интернаты жұмыс істейді. Мектепте 181 оқушы бар. Оның жартысы ақыл ой кемістігі бар және тірек қимыл жүйесі бұзылған жеткіншектер. Мұнда зағип балалардың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалған. Өздігінен жүре алмайтын оқушыларға көмекші мамандар қызмет көрсетеді. Оқу үдерісі де балалардың қарым қабілетіне қарай жеңілдетілген. Оқушылар барлық пәнді оқиды. Бұл балалардың білім алып ғана қоймай, қоршаған ортаға бейімделуіне де септігін тигізбек.  

ГҮЛСАНА ИСМАҒАНБЕТОВА, №7 АРНАЙЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДЕФЕКТОЛОГ МАМАНЫ:

Әлеуметтік, тұрмыстық бейімдеу, ым-ишараны дамыту, көру қабілетін сақтау деген пәндер бар. Осыған мысалы ең басында  ең негізгі пәндер болады. Қазақ тілі, орыс тілі, математика, физика, химия болады. Ал ең соңында алтыншы, жетінші, сегізінші сабақтар бізде түзету сабақтары болады. Бұл сабақтарда көру қабілеті бұзылған балалар мысалы брайльша жазуды үйренеді. Одан кейін дәліздерде жүруге бейімделеді таяқшалармен.

Мектеп интернат болғандықтан, мұнда оқушылар жатып оқиды. Оларға 5 уақыт ас ауқат беріледі. Киім-кешек, гигена құралдарымен де қамтамасыз етілген.  Балалардың оқудан бөлек үйірме және шығармашылық жұмыстармен айналысуына, спортпен шұғылдануына да көңіл бөлінген. 

БЕКЗАТ ҒАББАСОВ, №7 АРНАЙЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ 8-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

24 жылы біз тоғызқұмалаққа бардық. Мен екінші орын алдым. Мааған бәрі ұнады. Және мынау жылы голболға бардық. Біз үшінші орын алдық. Маған бәрі ұнады. Бәрі жақсы болды.