Су тасқыны аймағындағы үйлердің құрылысына бөлінген 300 млн теңгені жымқырған шенеуніктердің үкімі өзгеріссіз қалды,- деп хабарлайды Astana TV.
Ақмола облыстық прокуратураның ақпаратынша, Ақмола облыстық сотының апелляциялық алқасы 300 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімінің басшысы С.Т. Қаранағаев, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС-нің басшылары Р.О.Орлов пен А.Ж.Серикбаевқа қатысты соттың айыптау үкімін өзгеріссіз қалдырды.
«Ұрлықты ұйымдастырушы А.Ж. Серікбаев ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2)-ші тармағы (талан-таражға салу) бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.Мердігер ұйымның директоры Орлов Р.О. ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2) тармағы, 218-бабының 3-бөлігі 3) тармағы (талан-таражға салу және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, мүлкі тәркіленіп, барлық меншік нысанындағы ұйымдарда материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.Атбасар аудандық құрылыс бөлімінің бастығы С.Т.Қаранағаев ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 айға нақты бас бостандығынан айырылды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокуратураның мәліметінше, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды.