Димаш 7 жылдан кейін Лондон сахнасына қайта оралды

Лондондағы әйгілі OVO Arena Wembley сахнасында алғаш рет Қазақстанның Мемлекеттік әнұраны шырқалды,-деп хабарлайды Astana TV Dimashnews-ке сілтеме жасап. 

Димаш Құдайбергеннің «Stranger» жеке туры аясындағы концерті өтті. Кеш бойы залды толтырған мыңдаған көрермен қазақ тіліндегі әндерді бірге айтып, соңы хорға айналып отырды.

«Жеті жылдан соң Лондон сахнасына қайта оралғаныма қуаныштымын, – деді Димаш көрерменге арнаған сөзінде. – Dears-тың алдында өнер көрсеткен сайын олардың ерекше махаббатын, тыныштық пен туған үйдің жылуындай жылулық сезінемін».

Шынында да, үлкен отбасылық жылы атмосфера орнаған кеште көрермендер ағылшын, қазақ, орыс, қытай, француз, испан және итальян тілдеріндегі әндерді зор ықыласпен қабылдады.

Димаштың шоуы көрерменге бір сәт те тыныс бермеді. Үзілістерде экранда көрсетілген кинематографиялық бейнелер жолаушының жаңа шабыт іздеген рухани сапары туралы баяндай түсті. Ал музыкалық үзілістерде сахнаға Димаштың інісі Мансұр Құдайберген шығып, аспаптық туындыларды орындап, көрерменге жаңа леп сыйлады.

Әрбір нөмір – өзінше бір шағын спектакль, онда эмоция мен образдар бір сәтте «Ұмытылмас күн» шығармасындағы нәзік сағыныштан бастап, «Give Me Your Love» композициясындағы жарқын энергияға дейін, «Самғау» әніндегі отансүйгіш рухтан «Fire» нөміріндегі кинематографиялық әсерге дейін алмасып отырды.

Көрермендер әрдайым сүйікті әртісін барынша қолдайдап отырады. OVO Arena Wembley сахнасында да олар Димаштың ең маңызды авторлық туындыларының бірі – «The Story of One Sky» композициясын орындау кезінде әппақ жүректерді жоғары көтеріп, «Біз өмірді таңдаймыз» деген ортақ ұстанымдарын көрсете білді.

Димаш үшін оның командасы – үлкен шығармашылық отбасының ажырамас мүшелері. Сол себепті ол әр концертінің соңында өзімен бірге Қазақстанды әлемге танытып жүрген достары мен әріптестеріне ерекше алғыс айтады.

Лондондағы концертте алғаш рет Димаш Олжас Құрманбекті көпгілікке таныстырып, қобыздың сүйемелдеуімен әсем вокалдық импровизация орындады. Кейін домбырашылармен бірге экспромт түрде «Әлқисса» күйін тартып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ сахнада техникалық директор Алексей Белый, барабаншы Роман Алексеев және биші Рустам (Fortisx)-ты туған күндерімен құттықтап, оларға арнап «Happy Birthday» әнін шырқап берді.

Еуропалық гастрольдік тур өз жалғасын табуда – 14 қарашада Димаш өз тыңдармандарын Берлиндегі Max-Schmeling-Halle аренасында күтеді