Қостанай облысында полицейлер мас күйде жүк көлігін басқарған жүргізушіні тоқтатты

Фото: freepik.com

Қостанай облысында полицейлер мас күйде жүк көлігін басқарған жүргізушіні тоқтатты,-деп хабарлайды Astana TV.

Оқиға Алматы - Екатеринбург тасжолының 516-шақырымында болған. Патрульдік экипаж трасса бойымен қауіпті түрде шайқала қозғалып келе жатқан жүк көлігін байқаған. Полицейлер тоқтату талабын бергенде, жүргізуші қашуға тырысқан, алайда жүк көлігі жол жиегінде балшыққа батып қалған.

Қызметкерлер дереу әрекет етіп, кабинаға секіріп мініп, қозғалтқышты сөндіріп, кілтті суырып алды. Олар жүргізушіден алкоголь иісін сезіп, медициналық куәландыруға жеткізді. Сараптама оның орташа дәрежеде мас күйде болғанын анықтады. Ал жүргізуші жолға шығар алдында сыра ішкенін мойындаған.

Полицейлердің кәсібилігі мен жедел әрекетінің арқасында жол үстіндегі ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Жүргізуші Қостанайдан Ресейге 30 тонна тұрмыстық техниканы тасымалдап бара жатқан. Бұл қаншама адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін еді.

Құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.