Димаш Құдайберген Берлинге ат басын тіреді

Димаш Лондонда өткен концертінен кейін Германияның астанасы Берлинге келді,-  деп хабарлайды Astana TV dimashnews-ге сілтеме жасап. 

Бүгін Max-Schmeling-Halle аренасында әншінің «Stranger» шоуы өтеді. Берлинге алғаш келген қазақстандық әртісті және оның командасын  Берлин-Бранденбург әуежайында жанкүйерлері гүл шоқтармен және «We Are Golden» әнімен қарсы алды.

Димаштың концерті Max-Schmeling-Halle атты Берлиндегі ең ірі спорт және мәдениет кешенінде өтеді. Бұл арена 1993–1997 жылдары Joppien Dietz Architekten сәулет бюросының жобасы бойынша, қаланың 2000 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге берген өтініміне байланысты салынған болатын. Кешен әйгілі неміс боксшысы Макс Шмелингтің есімімен аталады .

Фридрих Людвиг Ян атындағы спорт паркінде орналасқан аренада халықаралық спорттық жарыстар, концерттер, шоу мен конгрестер өткізіледі.