Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 есе өсті. Табыс 3,3 триллионнан 8,3 триллион теңгеге дейін көбейген. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыру міндеті тұр. Бұл – Президент пәрмені. Қазір салада жетістік көп. Оған үлес қосқан 2 мыңнан астам адам Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына жиналды. Мемлекет басшысы аграрлық сектордың серпін алуына септігін тигізгендерге алғысын айтып, 30 қызметкерге мемлекеттік награда табыстады.
Қазақтың «Егін ексе – ел тоқ» деген сөзі бекер айтылмаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы. Бүгін, міне, ауыл шаруашылығына арналған екінші форумды өткізіп жатырмыз. Алқалы жиынға ауыл-аймақтардан көптеген білікті мамандар арнайы келіп, қатысып отыр.
Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Қазір халықтың 37 проценті, яғни 7,5 миллион адам алтын бесікте тұрады. Соңғы жылдары аймақтарды дамыту үшін жүйілі реформалар қолға алынды. Нәтижесінде экономика қарыштады.
Биыл он айда 6,4 процентке өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығының үлесі басым. Жыл басынан бері салаға салынған инвестиция 20 пайызға өсіп, 790 миллиард теңгеге жетті. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 процентке артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша 32-ші орынға жайғасты.
ДУМАН НАҒАШБЕКҰЛЫ, «АСЫЛ ТҰЯҚ» ЖШС БАСШЫСЫ:
Сол жерлердің тиімділігін арттыруға көңіл қоятын болып жатыр Үкімет. Яғни, сол жерлердің әлеуетін арттыру арқылы мал шаруашылығының әлеуетін арттыруға, мал санының артуына, ет экспортының артуына үлкен бағдарлама дайындамақшы.
Ауыл шаруашылығы дегенде ойға алдымен жер түседі. Президент бірнеше жыл бұрын заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу туралы нақты тапсырма берген. 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан аса жер мемлекетке қайтарылды. Мемлекет басшысы алаңдаушылық білдірген тағы бір мәселе - ирригациялық желілерді жаңғырту. Қазір су қоймаларының шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығы еншісінде.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға айналып отыр. Агросекторда заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азайтылуда.
Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі ел тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Бұл – осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық. Кредит қолжетімді болуы үшін банктерге құзырлы мекеме тарапынан кепілдік беру тәсілі енгізілді. Сөйтіп несие алуға мүлкі жеткіліксіз көптеген шаруаның, әсіресе, шағын және орта деңгейдегі фермерлердің мәселесі оң шешімін тапты.
МҰРАТ САРСЕНБАЕВ, «АБАЙ ДӘУЛЕТ» ЖШС БАСШЫСЫ:
Мемлекеттен көмек алып келдік. «Ауыл аманаты», «Кең дала». Оның үстіне тағы келесі жылы ақша бөлініп, көмек болатын болса онда басқа жұмысымызды жандандырып, жұмыс істеуге дайынбыз. Қарамағымызды мамандарымыз бар.
Төрт жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы тозып тұрған еді. Бұл көрсеткіш биыл 70 процентке төмендеді. Саланы цифрландыру мәселесі де қолға алынған. Алдымызда жасанды интеллект элементтерінің көмегімен бидай қорын есепке алатын және бақылайтын тиімді жүйе құру міндеті тұр. Ол үшін қолданыстағы астық қамбаларын жаңғыртып, заманауи элеваторлар салу қажет.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әрбір шаруашылық цифрлық технологияларды пайдалануға ниетті болғаны жөн. Мемлекеттік қолдау өндіріске инновацияны, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізіп жатқан кәсіпорындарға берілуі қажет.
Қазір елдегі агроөнеркәсіп кешені шикізат шығарумен ғана шектеледі. 2023 жылы өңделген өнімнің үлесі небәрі 35 пайыз еді. Ал биыл 50 процентке жетті. Келесі жылы 70-ке жетуі де ғажап емес. Сол үшін салаға шетел инвесторларын тарту – маңызды міндет.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Агроөнеркәсіп кешенінің басты бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Аса маңызды міндеттің бірі – жеке инвестиция тарту жұмысы. Әсіресе, озық технологиясы бар шетел инвесторларын елге әкеліп, оларға қолайлы жағдай жасау қажет.
Форумда Жұмысшы мамандықтары жылына орай еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетілді. Президенттің қолынан ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккері мемлекеттік награда алды. «Парасат», «Құрмет», «Еңбек даңқы», «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленгендердің көбі – қарапайым қызметкерлер. Басты жаңалық биыл «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы төрт азаматқа алғаш рет тапсырылды.
2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал «Ауыл аманаты» 600-ден аса бірлестіктің құрылуына сеп болды. Үкімет биыл аймақтарды дамыту туралы арнайы тұжырымдама қабылдады. Соған сәйкес аудан әкімдерінің құзыры кеңейді. Енді олар ауданды дамыту жоспарын өз деңгейінде, дербес әзірлеп, жүзеге асыра алады.