Жиынның күн тәртібінде екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін Президент Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, сапарының басты мақсаты – қос халықтың достығын нығайтып, тату көршілік байланыстарын күшейту, сондай-ақ түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастықты дамыту екеніне назар аударды.
– Құрметті Шавкат Миромонович, Өзіңіздің қажырлы еңбегіңіздің арқасында еліңізде көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамалар қолға алынды. Өзбекстан – біз үшін туыстас, ағайын ел, тату көрші әрі сенімді серіктес. Қос ел арасындағы достықтың тамыры терең, халықтарымыздың рухани құндылықтары ортақ деуге болады. Қазақ-өзбек қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуал аумалы-төкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша назар аударды.
– Қазақстанда мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және IT технологияларды дамытуға баса мән беріледі. Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, осы саладағы Зерттеу университетінің негізі қалануда, ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. Жалпы, Қазақстанды цифрлық елге айналдыру міндеті қойылды. Өзбекстан да цифрландыруға және жасанды интеллект технологиясын дамытуға бағыт алғанын білеміз. Аталған салада бірқатар жетістікке қол жеткізді. Өзбек компанияларын тығыз ынтымақтастық орнатып, осынау келешегі зор салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. Astana Hub пен IT Park Uzbekistan арасындағы ынтымақтастық осындай табысты синергияға мысал бола алады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыстардың өрісі кеңейе бастады. Бұл ретте Президент мәдениет күндерін өткізу, шығармашылық интеллигенция, жастар арасында белсенді диалог қалыптастыру, көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселелерін қозғады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтар қос халықтың игілігі жолында сан қырлы байланыстарды одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.