Президент: «Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 6 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істейді»

Мемлекет басшысы өнеркәсіп, автокөлік шығару, құрылыс секторы, энергетика салаларында соңғы жылдары айтарлықтай табысқа қол жеткенін атап өтіп, тараптар бұл бағыттағы ынтымақтастықты кезең-кезеңімен кеңейту жұмыстарын жалғастыруға келіскеніне тоқталды.

– Ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарды нығайту басым міндет ретінде белгіленді. Аталған бағытты өрістетуге Қазақстан мен Өзбекстанның жеткілікті ресурстары бар, өнеркәсіп және кадр әлеуеті де жоғары. Елдеріміз өз мүмкіндіктерін біріктіру арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтағы орнын күшейте алады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар жоба, соның ішінде бидай мен ет-сүт өнімдерін өңдеу мәселелері пысықталуда. Агросектордағы бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге келістік, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, іскерлік топтар арасындағы байланыстарды одан әрі кеңейту қажет.

– Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 6 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты арттыруға, өзбек бизнесінің өркен жаюына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Өңірлер арасындағы ықпалдастықтың күшеюі – оң үрдіс. Бұрынғы Өңіраралық форум Өңір басшыларының кеңесі ретінде қайта құрылып, ұдайы қызмет атқарады. Бұл шешім біздің ниетіміз бен осы құрылымға артқан үмітіміздің қаншалықты салмақты екенін байқатады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазақ-өзбек шекарасында ашылатын Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы өзара сауданы дамытуға соны серпін беретініне тоқталды.

Тағы бір перспективті бағыт – құрылыс саласы. Қазақстандық компаниялар «Жаңа Ташкент» қала құрылысы жобаларына, сондай-ақ тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салуға белсенді түрде атсалысып жатыр. Бұған дейінгі келісімдерге сәйкес Ташкентте «Astana», Астанада «Tashkent» қонақ үйлері бой көтереді.

Келіссөздердің бір парасы көлік-транзит саласын дамытуға арналған. Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі артқан.

– Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасында теміржолмен тасымалдау көлемі 15 пайыздан аса өсіп, 22 миллион тоннадан асты. Алдағы уақытта да бірлесе отырып, тариф саясатын жетілдіруге, жүк тасымалы шарттарын жеңілдетуге, шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғыртуға және кеден жүйесін цифрландыруға келістік. Бұл қадамдар елдеріміздің көлік байланысын нығайтатынына сенімдімін, – деді Президент.

Энергетика саласында маңызды жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда.

– «Ресей – Қазақстан – Өзбекстан» газ жобасы табысты нәтиже көрсетті. Бірлескен күш-жігеріміз арқылы көгілдір отынды тасымалдау көлемін арттыруға ниеттіміз. Бұдан бөлек, мұнай мен атом өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің перспективасы зор. Тату көршілік, өзара құрмет рухында және бір-біріміздің мүдделерімізді ескере отырып, су энергетикасы саласындағы әлеуетімізді үйлестіру қажет екенін атап өттік. Бұл бағытта сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға бейілміз. Су саласына цифрлық шешімдерді енгізуге, су ресурстарын есепке алу мен мониторингтеу жүйесін бірлесе дамытуға басымдық береміз. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы ықпалдастықты күшейтудің келешегі мол. Бұл ретте елдеріміздің дербес жобалары бар. Оларды бірлесіп дамыту бүкіл Орталық Азияға мультипликативті әсер берер еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.