Берлинде Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке концерті өтті

Фото: Dimashnews

 Германия астанасында өткен жеке концертінде Димаш Құдайберген өзінің «Stranger» турын жалғастырды,-деп хабарлайды Astana TV Dimashnews-ке сілтеме жасап.

Бұл - қазақстандық әртістің Берлиндегі алғашқы концерті. Бұған дейін ол 2022 және 2024 жылдары Дюссельдорфта өнер көрсеткен болатын.

Max-Schmeling-Halle сахнасында Димаштың өзінің он авторлық туындысымен қоса, жалпы алғанда жиырмадан астам композициясы орындалды.

Жас Димаштың алғашқы шығармаларының бірі — «Ұмытылмас Күн» әні 2016 жылғы алғашқы концерттік турынан бастап әрбір жеке концертінде орындалып келеді. Ол кезде бұл тур дәл осы авторлық композицияның атымен аталған еді.

10 жыл ішінде бұл әнді әлемнің көптеген елдеріндегі тыңдармандары жаттап алып, әрбір концертте Димашпен бірге сол бір ұмытылмас күнді үлкен сезіммен бірге шырқайды.

Бұл акцияны Dimash Fanclub Deutschland клубы тыңдармандарға алты мыңнан астам шам таратып, ерекше ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген болатын.

«Give Me Your Love» — алғаш рет 2019 жылы Мәскеуде өткен Димаштың жеке концертінде орындалған жарқын әрі динамикалық ән. Хореографиялық көрініспен безендірілген бұл туынды әрбір концерттік бағдарламада орындалып келеді.

Сондай-ақ 2021 жылы Dimash Digital Show онлайн-концертінде алғаш орындалған «Be With Me» авторлық әні де көрерменді жігерлендіретін композициялардың бірі. Бұл шығармадан Димаштың тек вокалист және биші ғана емес, рэп орындаушы ретіндегі таланты да айқын көрінеді.

 

Димаштың келесі жеке концерті 30 қарашада Египетте «The Pyramids Echo» фестивалі аясында екі сағаттық шоу форматында өтеді.

Ал «Stranger» турының жалғасы 12 желтоқсанда Латвияның Рига қаласында өтеді.