Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің рөлін күшейту маңызды екенін атап өтті

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси дүрбелең жағдайында өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейтудің мәні зор екенін айтты.

Бұл ретте Президент Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі туралы шарттарға қолдау білдіріп, бұл мәмілелерді маңызды қадам ретінде бағалады. Бұдан бөлек, жақында Тәжікстанның XXI ғасырдағы Достық жөніндегі шартқа қосылуын елеулі шешім деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өңір әлі де терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыс секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл қауіптерді бірлесіп қана еңсеруге болады. Осы бағыттағы жұмыс өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңестері хатшылары деңгейінде жүргізілуге тиіс.

Сөз соңында Президент Консультативтік кездесу форматын одан әрі жетілдіру мәселесіне тоқталды.

– Ұлттық үйлестірушілер кеңесі бекітілгеннен бері бұл алаң тиімділігін көрсетті. Кеңестің рөлін күшейтетін уақыт келді деп ойлаймын. Ол уағдаластықтардың орындалуын бақылаумен шектелмей, өңірді дамытудың стратегиялық векторларын әзірлеумен айналысуы керек. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің осы форматтың институционалдық негізін күшейтуге қатысты ұсынысын қуаттаймын. Бұл мәселелерді жұмыс тәртібінде талқылап, тиісті бастамаларды бекітуге болады деп ойлаймын. Орталық Азия сараптамалық форумын өңірлік ықпалдастық жүйесіне қосуды ұсынамын. Соның нәтижесінде форум зерттеу жүргізетін және бірыңғай тәсілдер қалыптастыратын негізгі платформаға айнала алады, – деді Мемлекет басшысы.

Саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйледі.

Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейнеүндеу жолдады.