Президент жасанды интеллект туралы Заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заңға енгізілген түзетулердің бірінші блогы заңнамалық актілерді «Жасанды интеллект туралы» Заңмен сәйкестендіруге бағытталған.

- Енді жасанды интеллект адамның белгілі бір міндеттерді орындау құралы ретінде қарастырылады. Осыны ескере отырып, заңда жауапкершілік және бақылау қағидаттары бекітілді. Соған сәйкес, меншік иелері мен пайдаланушылар жасанды интеллект жүйелерін қолдану кезінде өзінің атқаратын рөліне қарай жауап береді. Меншік иелері мен пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, қолдау көрсету міндеттері жүктелген, — делінген құжатта.

Сонымен қатар заңдылық, әділеттілік, теңдік, ашықтық және түсініктілік, адам игілігіне басымдық беру, оның шешім қабылдаудағы еркіндігі, деректерді қорғау және құпиялылық, қауіпсіздік пен қорғаныс қағидаттары бекітілді.

Жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында бірқатар мүмкіндіктерге ие жасанды интеллект жүйелерін құруға және пайдалануға тыйым салынды (түпсаналық, манипуляциялық немесе жеке деректер туралы заңнаманы бұзу арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу әдістерін қолдану; басқа да мүмкіндіктер).

Жасанды интеллектіні қолдану нәтижесінде жасалғанынан хабардар болу үшін мұндай тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді таңбалау талабы енгізілді.

Жасанды интеллект жүйелерін жасауға және үдемелі дамытуға арналған платформалар құрудың әлемдік тәжірибесін ескере отырып, ұлттық жасанды интеллект платформасының қызметіне қатысты заңнамалық негіздер қалыптастырылды. Платформа шектеулі мерзім ішінде бағдарламалық өнімдерді, жасанды интеллект моделдерін әзірлеуге, оқытуға және сынақтан өткізуге пайдаланылады.

Заңға енгізілген түзетулердің бірінші блогы заңнамалық актілерді «Жасанды интеллект туралы» Заңмен сәйкестендіруге бағытталған.

Түзетулердің екінші блогы заңнаманы өзге мәселелер бойынша жетілдіруді көздейді. Заң қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің Қазақстан Республикасының аумағындағы айналымын реттейді. Бұған дейін қамтамасыз етілмеген цифрлік активтердің айналымы тек «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) аумағында ғана рұқсат етілген еді.

Азаматтардың жеке деректерін қорғау амалдарын күшейту мақсатында жеке деректерді өңдеуге келісім беру мерзіміне қатысты талап енгізілді. Енді бұл мерзім жеке деректерді жинау және өңдеу мақсатына жету үшін қажетті мерзімнен аспауға тиіс. Субъект немесе оның заңды өкілі иесін, операторды, үшінші тарапты ескертіп, жеке деректерді жинауға, өңдеуге берген келісімін қайтарып алуға құқылы.

Ішкі бөлшек сауда субъектілері үшін идентификациялық құралдарды оқитын бақылау-касса машиналарын пайдалану арқылы операцияларды есепке алу жөнінде талап қоя отырып, тауарларды таңбалау механизмі жетілдірілді.

Бірқатар түзетулер нәтижесінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары күшейтілді. 

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.