Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік қолдау жүйесін және жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде жекеменшік мектептер қызметін реттеудің жаңа тетігін жетілдіру бойынша кеңес өткізді.
Мемлекет басшысының цифрландыру арқылы бюджет қаражатын жұмсау тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Бірыңғай цифрлық платформаны (БЦП) енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы 16 ұйым цифрландырылды. Биылғы шілде айынан бастап 9 мыңнан астам ұйымның штаттық кестелері декларациядан өтті, бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.
Цифрландыру әлеуметтік салада бірқатар «сұр схемаларды» анықтауға мүмкіндік берді. Нақтырақ айтсақ, 40 мыңға жуық азаматқа ресми еңбек шарттары болмаса да, зейнетақы жарналары аударылғаны белгілі болды. Қызметкерлер ресми түрде бір аймақтағы мектеп штатында болғанымен, басқа облыстардағы ұйымдарда да еңбек шартына отырып, зейнетақы жарналарын аударған жағдайлар анықталған. Барлық анықталған дерек бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ кадрлық процестерді автоматтандыру нәтижесінде 9,6 мың мектептің штат кестесінен Тізілімге енгізілмеген, бірақ ұйым басшылары өз бетінше қосқан 75 лауазым анықталды. Мәселен, олардың арасында директордың мектепке қабылдау жөніндегі орынбасары, атқарушы директор сияқты тағы да басқа лауазымдар бар. Осыған байланысты Тізілімді бірыңғай стандартқа келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Светлана Жақыпова БЦП-ны адам игілігіне бағытау тұжырымдамасын ұсынды. Бүгінгі таңда бұл мәліметтер базасымен 4,5 млн адам қамтылған. Мәселен, отбасын қаржыландыру жоспары арқылы әлеуметтік міндеттемелерді болжау ұсынылып отыр, онда АӘК және басқа да жәрдемақылардан бастап мектепке дейінгі оқытуды субсидиялауға, тегін спорт секцияларын ұйымдастыруға дейінгі әлеуметтік қолдау шараларының барлығы кешенді түрде көрсетіледі. Бұл азаматтарды әлеуметтік қорғаудың жалпы сипатын көруге мүмкіндік береді.
Премьер-министр мұндағы өзгерістердің көзге көрінетін нақты нәтижелері болуы қажет екеніне назар аударды, ол тиімсіз шығындарды азайтуға және көмек шараларын азаматтардың нақты мұқтаж санаттары пайдасына қайта бөлуге ықпал етуі керек. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы автоматтандыру және әлеуметтік алаяқтыққа қарсы күрес, оның ішінде «өлі жандарды» жою жұмыстары аясында мемлекеттік бюджетке 299 млрд теңге қайтарылған. Алдағы үш жылда субсидиялау бағдарламасын цифрландыру және өзге де шаралар бюджет қаражатының 135 млрд теңгесін оңтайландыруға әкеледі деп күтілуде.