Енді елдегі психолог, коуч, нутрициологтардың контенті мемлекет қадағалауында болады. Минитсрлік ақшаға ақыл айтатындардың кеңесін сүзгіден өткізбек. Жаңа талап әлі күшіне енген жоқ, әзірге талқыланып жатыр. Расымен, соңғы жылдары семинар-тренингтен көз ашпайтын болдық. Олар жас қыздарға тұрмысқа сәтті шығудың жолын көрсетіп, ауқатты жар табуға көмектеседі. Керек десең, күйеуіңнің қалтасын қампайтудың жолын айтып, бақуатты әйелдің формуласын ұсынады. Тез арықтатып, депрессиядан шығарады-мыс. Оларды қандай жаза күтіп тұр? «Өзекті» айдарында Аружан Задабек таразылайды.
Қайырлы кеш, көрермен! «Өзекті» тақырыптарды бірге талқылаймыз. Бізбен бірге болыңыз!
Қазір не көп психолог, коуч көп. Біреу бай болудың құпиясын ашам деп еліктірсе, енді бірі сұлу әрі іскер әйел болудың жолын үйретемін деп әуре. Бірақ сол тренинг өткізіп теңге тауып жүргендердің көбінде арнайы сертификат жоқ. Олар «аңқау елге арамза молданың» кейпін киіп, жұмысын дөңгелетеді. Мақсаты - адамды тіркеп, ақшасын алса болды. Оның әр қарай өміріне бас ауыртып жатпайды. От ауызды, орақ тілді тренерлерден «тәлім» алуға асыққандар курс өткізудің де өз тәртібі барын ескермейді. Бұған дейін заңгерлер ешқандай лицензиясы жоқ семинардан аулақ болу керек деп тек ескертетін. Өйткені мамандарды заңмен қудалайтын талап болмады. Мәдениет және ақпарат минитсрлігі осы олқылықты ескеріп, контентін қадағалауды бастаймыз деп бекініпті.
БЛИЦ:
- Өте дұрыс! Таракан сияқты қаптап кетті.
- Соларды тыңдамайды екенмін. Дені дұрыс нәрсе айтпайды ғой.
- Дұрыс! Олар да «мошенниктердің» бір түрі.
Қысқасы, қазір талап қатал. Белгілі бір оқырманы бар кез келген адам әр сөзіне, ісіне жауап береді. Сайран салып, білгенін істейтін күн артта қалды. Мәселен, қаржы мониторинг агенттігі «Mellstroy» лақап атымен танымал блогерге халықаралық іздеу жариялады. Ол онлайн-казиноны жарнамалау үшін халыққа түрлі ұтыс тіккен. Яғни, кімде кім оның атын пайдаланып, ерекше видео түсірсе ауқымды қаржыға ие болады. Ал ол таспаның соңына кеселді жарнамалау пиғылы жатыр.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Онлайн-казиноны жарнамалау үшін блогер әртүрлі ұтыс ойындары мен челлендждерді жариялаған. Қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және басқа да әлеуметтік желілерде Mellstroy.game атауын, казино логотиптерін және сайт сілтемелерін көрсететін видеолар түсіру ұсынылған.
Енді Астанада тұрақты тіркеуге тұру қиындайды. Бұрыңғыдай кез келген жерді мекендей алмайсыз. Уақытша орналасуға да рұқсат жоқ. Бұдан былай астаналықтар үйіне тек туыстарын ғана тіркей алады. Оның өзінде жақыны екенін ресми растау керек. Мұның барлығы Егов арқылы жүзеге асады.
БЛИЦ:
- Құрсын, бармай-ақ қойғаным. Ақтөбеме жетпейді.
- Астананы салуға сонша атсалыстым. 10 жыл өтті. Енді қуылып жатырмыз.
Құрметті көрермен, бүгінге осы! Сау болыңыздар!