Қазақстан мен Эстония президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары экономикалық ықпалдастықтың басым бағыттарын талқылады.

Атап айтқанда, тараптар сауда-инвестиция, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар және білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді серіктесі екеніне назар аударды.

– Бұл сапар екі мемлекет арасындағы өзара тиімді әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашады. Еліңізді Балтық өңіріндегі, сондай-ақ Еуропа Одағындағы өте маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Эстония инновациялық және өркендеген мемлекет құру жолында таңғаларлық табысқа жетті. Сіздің еліңіз цифрлық жүйеге негізделген мемлекет, үкімет және қоғам құру ісінде көш бастап тұр. Сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтарды ел басқару ісіне тарту бойынша көпке үлгі. Біз Эстонияның заң мен тәртіп қағидатын ұстануға, білім беру деңгейін арттыруға және орнықты дамуға бейілділігін жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екіжақты ықпалдастықтың оң қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, Қазақстан мен Эстония барлық бағыт бойынша жан-жақты байланыс орнатқанын жеткізді.

Екі ел арасындағы саяси диалог ашық әрі сындарлы сипатта өрбіп, өзара түсіністікті нығайтуда парламентаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарып отыр.

Алар Карис Қазақстанды Эстонияның Орталық Азиядағы ең маңызды экономикалық серіктесі деп атады

– Эстония Қазақстан мен Еуропа Одағы нарықтары арасында қуана-қуана дәнекер болады. Эстония бизнес өкілдері Сіз атап өткен транзит және логистика саласынан бөлек, Қазақстанның басқа да секторларына инвестиция салуға әзір. Бизнес-делегациямыздың құрамында 40 компания бар. Олар логистика, транзит, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, сондай-ақ білім және ғылым салаларында қызмет көрсетеді. Еуропа Одағының мүшесі ретінде Эстония Орталық Азияның, оның ішінде аймақта көш бастап тұрған Қазақстанның ЕО-мен стратегиялық серіктеске айналғанына қуанады. Атап айтқанда, ЕуроОдақ Global Gateway жобасы аясында көлік және өңіраралық байланыс саласындағы қатынастарды нығайтуға ниетті, – деді Эстония Президенті.


Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге сапармен келгені үшін Алар Кариске ризашылығын білдіріп, бүгінгі кездесуді шынайы достықтың нышаны әрі өзара ынтымақтастықты тереңдетудің мүмкіндігі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.