Эстонияның Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы 128 млн доллардан асты

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2025

2005 жылдан бері Эстонияның Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы 128 млн доллардан асты. Балтық теңізінде орналасқан елдің Қазақстанда 80 астам компаниясы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл туралы Эстония Президенті мемлекеттік сапарының аясындағы кеңейтілген отырыста айтылды. Әлбетте, қос тарап бұл көрсеткіштерді еселеп арттыруға ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осы сапар қазақ-эстон қарым-қатынастарындағы жаңа бір кезеңнің бастауы болмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліңізді Балтық өңіріндегі, сондай-ақ Еуропа Одағындағы өте маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Эстония инновациялық және өркендеген мемлекет құру жолында таңғаларлық табысқа жетті. Сіздің еліңіз цифрлық жүйеге негізделген мемлекет, үкімет және қоғам құру ісінде көш бастап тұр. Сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтарды ел басқару ісіне тарту бойынша көпке үлгі. Біз Эстонияның заң мен тәртіп қағидатын ұстануға, білім беру деңгейін арттыруға және орнықты дамуға бейілділігін жоғары бағалаймыз.

Эстония да Орта Азия нарығына шығуды жоспарлап отыр. Ол үшін Қазақстан алтын көпір екенін де Алар Карис жасырмады. Ол үшін жаһандық логистикалық жоба аясында бірлесе жобалар бастауға ұсыныс жасады.

АЛАР КАРИС, ЭСТОНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Эстония Қазақстан мен Еуропа Одағы нарықтары арасында қуана-қуана дәнекер болады. Эстония бизнес өкілдері Сіз атап өткен транзит және логистика саласынан бөлек, Қазақстанның басқа да секторларына инвестиция салуға әзір. Бизнес-делегациямыздың құрамында 40 компания бар. Олар логистика, транзит, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, сондай-ақ білім және ғылым салаларында қызмет көрсетеді.